Депутат Серік Ерубаев елдегі әскерге шақырылуға жарамды жастардың жартысынан азы ғана қызметке алынатынын, алайда олардың көпшілігі компьютерлік ойындар мен технологияға қызығатынын айтып, жаңа ұсыныс жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл мәселе "Ақ жол" партиясының орталық кеңсесінде өткен пилотсыз авиациялық жүйелерді дамыту жөніндегі кездесуде талқыланды. Жиынға Қорғаныс министрлігі өкілдері, сала мамандары және дрон технологиясын өндіретін компаниялар қатысты. Бұл туралы партия төрағасы Азат Перуашев телеграм-арнасында жазды.
"БАС құзыреттілік орталығы" ЖШС директоры Абзал Ерубаевтың дерегінше, Қазақстанда 10 мыңнан астам дрон бар, бірақ тек шамамен 1000 оператор ғана ресми сертификатталған. Дрондардың бақылаусыз қолданылуы авиацияға, электр желілеріне, өнеркәсіп пен тұрғын үй нысандарының қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.
Жастар арасында дрон технологиясына қызығушылық жоғары болғанымен, оқытуға бөлінетін қаражат жеткіліксіз. Бұл білім беру, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, мәдениет, спорт, цифрлық даму және ішкі істер ведомстволары тарапынан қаржыландырудың шектелуімен байланысты.
Осыған қатысты депутат Ерубаев балама жол ұсынды:
- Әскерге жарамды жастардың тек аз бөлігі ғана шақырылады;
- Бірақ олардың үлкен бөлігі компьютерлік ойындарға әуес.
Сондықтан ол әскери қызметке алынбаған жастарға өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында дронмен жұмыс істей алатындай арнайы оқытуды міндеттеу қажет деп санайды. Ұсыныс бойынша, бұл курс өз есебінен өтелуі тиіс және тек ұшатын дрондар ғана емес, өндірісте қолданылатын басқа да пилотсыз технологиялар қарастырылмақ.