Цифрлық технологиялар Алматы қаласының тұрғын үй, коммуналды шаруашылық қызметтеріне де белсенді енгізіле бастады.
Алматы қаласының тұрғын үй-коммуналдық секторы ұйымдарының қызметтерін алу процесін жеңілдетуге арналған ialma.kz платформасы іске қосылды. Онлайн қызмет тұрғындардың өтініші мен сұрауларын автоматты өңдеп, электронды құжат алуы мен басқа да үй-шаруашылық, коммуналдық қызмет мәселелерін үйде отырып шеше алады. Мәселен, үйді жаңадан сатып алған адам коммуналды қызметтерден бұрынғы үй иесінің атын өшіріп, өз атына ауыстыруы үшін дәл осы цифрлық платформаны қолдануына болады.
Сондай-ақ, деректерді өзгерту, тіркелген тұрғындар санын жаңарту немесе коммуналды сервис өкілдерімен шарт жасасу секілді қызметтерге қолжетімді бола түсті.
Бұл порталға тіркеліп, техникалық шарттарға, келісімшартқа және қаланың басқа да коммуналдық қызметтеріне өтініш беруге болады. Сайтқа тіркеліп, өтініш беру үшін ЭЦҚ кілті болса жеткілікті.
Қандай қызметтерге қол жеткізуге болады?
Тұрғын үй шаруашылығы мен коммуналды сервистерге қатысты 60 шақты қызметке онлайн қол жеткізуге болады. Атап айтқанда:
- Жылжымайтын мүліктің меншік иесі ауысқан кезде коммуналдық қызметтер көрсетуге шарттар жасасу;
- «Алматы жылу жүйесі» ЖШС, «Алматы су» МКК-мен шарт жасасу не шартты бұзу;
- Есепке алу аспаптарын тексерту, тіркелгендерінің санын өзгерту;
- Дайындық және тексерту актісін алу;
- Техникалық шарттарды алу;
- Сумен жабдықтауға және су бұруға техникалық шарттар алу;
- Сумен жабдықтау желілеріне қосылу.
Платформа іске қосылғаннан бері 50 мыңға жуық адамның өтінішіне жауап берілген көрінеді. Тұрғындардың өтінішіне 7 күн ішінде автоматты түрде жауап беріледі екен. Аталмыш цифрлық шешімнің кеңседегі кезекті 70%-ға дейін азайтуға септігі тиген екен.
Қазір көпқабатты тұрғын үйлердің иелеріне қызмет көрсету жолға қойылған. Алда жер үйдің иелеріне қолжетімді болмақ. Сонда жеке үйдің тұрғындары орталық су, кәріз жүйесіне қосылу, газ қосу, техникалық шарттарды алу сияқты қызметтерге қолы жетпек.
Айта кетейік, мұндай цифрландыру шаралары Алматы Smart City мегажобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Аталмыш жоба әсіресе шаһардың коммуналды инженерлік желілерін түгендеп, оны цифрландыруға, сол арқылы қаланың инфрақұрылымының хал-жағдайын онлайн қадағалап, алдын алу шараларын күнібұрын ұйымдастыруға мүмкіндік бермек.