Logo
Іздеу
Айдарлар

Алматыда білім беру нысандарының техникалық ашылуы өтті

/
Алматыда білім беру нысандарының техникалық ашылуы өтті
pixabay.com

2025 жылғы 15 желтоқсанда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне орай Медеу ауданында бірден екі білім беру мекемесінің техникалық ашылуы өтті. Оқу-тәрбие процесін бастауға толық дайын екенін №195 жаңа балабақша және қайта жаңғыртудан өткен №99 жалпы білім беретін мектеп көрсетті.

№195 балабақшаның аумағы толық абаттандырылған: ғимараттың айналасына асфальт төселіп, қарағай, шетен, сирень, жимолость, күміс жиде, көгал шөбі отырғызылған, кизильниктен жасалған тірі қоршау бар. Балалар үшін резеңке жабындысы бар жайлы беседкалар, шағын сәулеттік формалары (МАФ) бар ойын алаңдары салынған.

Аумағы 1 950 шаршы метрді құрайтын екі қабатты балабақша 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуға арналған, сыйымдылығы – 140 орын, оқыту тілі – қазақ тілі.

Екі қабатта әртүрлі жас топтарына арналған топтық бөлімдер орналасқан. Әр топтың жанында киім шешетін бөлме, жатын бөлме, буфет және санитарлық торап қарастырылған. Қосымша сабақтар музыкалық залда өткізіледі.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін негізгі кіреберісте пандустар орнатылған, арнайы тұтқалармен жабдықталған санитарлық торап бар. Балалардың жүріп-тұру аймақтары тактильді жолақтармен, ал қозғалыс бағыттары арнайы құралдармен жабдықталған.

Балабақшада психолог, логопед кабинеттері және әдістемелік кабинет бар. Ас блогы жүктеу аймағы мен ас көтергіші бар жеке кіреберіспен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ медициналық блокта тамбур, қабылдау бөлмесі, дәрігер кабинеті, емшара, физиотерапия кабинеті және санитарлық торап орналасқан.

Осы күні 1963 жылы салынған №99 мектептің де техникалық ашылуы өтті. Аталған білім ордасында соңғы күрделі жөндеу 20 жыл бұрын жүргізілген. Өткен жылы ауқымды қайта жаңғырту және бастауыш сынып оқушыларына арналған, 250 балаға есептелген 3 қабатты қосымша ғимарат салу туралы шешім қабылданған.

Қазіргі уақытта мектеп аумағы толық абаттандырылып, туя мен қайың көшеттері отырғызылған. Оқушылар үшін спорт стадионы салынған.

Мектеп ғимараты 520 орынға есептелген. Қосымша сабақтар музыкалық аспаптармен толық жабдықталған музыка кабинетінде өтеді. Онда домбыра, дауылпаз, асатаяқ, тұяқтас, шаңқобыз, пианино, баян, кастаньет, ксилофон, маракас сынды аспаптар бар.

Мектепте химия, физика, биология кабинеттері, спорт залы, көркем еңбек кабинеті (ұлдар мен қыздарға арналған) және 100 орындық акт залы жұмыс істейді.

Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінген: өрт қауіпсіздігі жүйесі енгізіліп, арнайы хабарлау датчиктері орнатылған, ғимаратта сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілген. Жертөле бөлігінде су өлшеу және жылу тораптары, желдету камерасы мен электр қалқаны орналасқан.