Алматы – соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан мегаполис қана емес, сонымен қатар қала басқаруында жаңа мәдениет қалыптастырып жатқан кеңістік. Соның айқын бір көрінісі – Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілетін түзетулерді талқылау барысында байқалды. Бұл жолғы талқылау формалды жиын емес, қаланың болашағына алаңдайтын әртүрлі тараптардың шынайы диалог алаңына айналды деуге толық негіз бар.
Депутаттар мен Қоғамдық кеңес мүшелерінің бірлескен кеңейтілген отырысы – билік пен қоғам арасындағы байланыстың бір бағытта ғана емес, екіжақты жүріп жатқанын аңғартты. Бас жоспарды түзету мәселесі – қағаз жүзіндегі есеп немесе кезекті құжат емес, ол тікелей алматылықтардың күнделікті өмір сапасына әсер ететін стратегиялық шешім. Осы тұрғыдан алғанда, құжатты алдын ала жан-жақты таныстырып, ұсыныстар мен ескертулерді жинақтауға басымдық берілуі – жауапкершіліктің белгісі.
Қала басшылығы өкілдерінің айтуынша, түзетулерді талқылауда басты мақсат – қаланың ұзақмерзімді даму мүддесін сақтау. Бұл жерде тек құрылыс көлемі немесе жаңа нысандар саны ғана емес, экология, көлік жүктемесі, әлеуметтік инфрақұрылымның жеткіліктілігі сияқты күрделі факторлар қатар қарастырылып отыр. Мұндай кешенді тәсіл мегаполис дамуына «жамап-жасқау» емес, жүйелі көзқарастың қажет екенін көрсетеді.
Әсіресе, қоғамдық кеңес тарапынан экологиялық мәселелерге ерекше мән берілуі назар аударарлық. Жасыл аймақтарды ұлғайту, құрылыс тығыздығын төмендету, өзен аңғарларын қорғау секілді бастамалар соңғы жылдары қала тұрғындары жиі көтеріп жүрген мәселелермен үндесіп жатыр. Бұл – қоғамдағы сұраныс ескерусіз қалмайтынын аңғартатын маңызды белгі. Қалада күн сайын жүздеген мың сапардың орталыққа бағытталуы да бекер емес, ал полиорталықтарды дамыту идеясы – урбанистикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да салмақты шешім.
Бас жоспарды түзету қажеттігін ашық айтып, оны формальдылық емес, стратегиялық қадам ретінде бағалау – мәслихат пен қоғамдық кеңес жұмысының мазмұнын тереңдетіп отыр. Мұндай ұстаным қала дамуын тек бүгінгі күннің қажеттілігімен шектемей, болашақ ұрпақтың мүддесін де назарда ұстауға мүмкіндік береді.
Ең бастысы, бұл үдерісте ашықтыққа мән берілуі. Құжаттың қоғамдық талқылауға шығарылуы, әрбір ұсыныстың жүйеленіп, кейінгі жұмыс барысында ескерілетіні – «тыңдайтын мемлекет» қағидатының жергілікті деңгейде нақты іске асып жатқанын көрсетеді. Қала тұрғындарының пікірі есепке алынатын орта қалыптасқан сайын, мегаполиске деген сенім де нығая түспек.
Алматының Бас жоспарына енгізілетін өзгерістер – бір күндік науқан емес, ұзақ жолдың бір кезеңі. Сол жолда әкімдік пен қоғамдық институттардың бір бағытта әрекет етуі, бірін-бірі толықтыруы – қаланың тұрақты дамуына бастайтын маңызды фактор. Бұл тәжірибе өзге өңірлер үшін де үлгі боларлық қадам екені сөзсіз.