Мәскеу облысындағы мектепте қаза тапқан 10 жастағы баланың денесі Тәжікстанға жеткізіліп, туған жерінде жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Kznews.kz жазуынша, Қайтыс болған бала Тәжікстанның Шахринав ауданындағы зиратта, әкесінің қасына жерленген. Баланың мәйітін Мәскеуден Тәжікстанға жеткізілгенін Мәскеу облысының балалар құқықтары жөніндегі комиссары Ксения Мишонова растады. Оның айтуынша, Одинцово ауданында болған қайғылы жағдай қоғамды әлі де есеңгіретіп отыр.
"Бұл жантүршігерлік оқиғаны әлі толық қабылдай алған жоқпыз. Қанша ауыр болса да, оны қайта саралап, қорытынды жасауымыз керек. Бала әкесінің қасына жерленді. Ол өліммен бетпе-бет келіп, қорықпай жауап бергендей ерлікпен қаза тапты. Марқұмның нағашысы осы қиын кезеңде қолдау білдірген, көңіл айтып, көмек көрсеткен барша жандарға алғысын жеткізді", – деп жазды омбудсмен.
"Осторожно, Новости!" мәліметінше, жаназа намазын Тәжікстан мүфтиі Саидмукаррам Абдулкодирзода оқыған. Баланың туыстары Ресейдегі Тәжікстан елшілігі мәйітті елге жеткізу мен жерлеу рәсімін ұйымдастыруға жан-жақты қолдау көрсеткенін айтты. Сондай-ақ Ресейдің мұсылман аймақтарының өкілдері мен мектеп оқушыларының ата-аналары марқұмның анасына қаржылай көмек жинаған.
Еске салайық, 16 желтоқсанда Мәскеу маңындағы Одинцово қалалық округіне қарасты Успен мектебінде шабуыл жасалып, жасөспірім күдікті мектеп күзетшісі мен 10 жастағы оқушыны пышақтаған. Өкінішке қарай, бала алған жарақатынан қайтыс болды.