Пермь қаласында өңір тарихындағы ең атышулы қылмыскерлердің бірі – бұрын бірнеше кісі өлтіру және адамжегіштік деректері үшін сотталған Михаил Малышев қайтыс болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
РИА Новости басылымының жазуынша, Малышев жоспарлы қабылдауға медициналық мекемеге келген. Алайда ол дәрігердің кабинетіне жетпеген. Есіктің алдына бірнеше қадам қалғанда кенеттен жағдайы нашарлап, өзін жайсыз сезінген. Куәгерлердің айтуынша, ер адам жүрек тұсын ұстап, есінен танып құлаған. Ол аурухана дәлізінде еденге сұлап түскен.
Оқиға орнына бірден медицина қызметкерлері жетіп, шұғыл көмек көрсетуге тырысқан. Алайда реанимациялық шаралар нәтиже бермей, дәрігерлер науқастың сол жерде қайтыс болғанын анықтады. Алдын ала болжам бойынша, өлімге жүректің кенеттен тоқтауы себеп болуы мүмкін. Нақты себеп тиісті медициналық сараптамадан кейін белгілі болады.
Михаил Малышев 2022 жылдың соңында 25 жылдық жазасын толық өтеп, бостандыққа шыққан. Ол 1990-жылдардың соңында жасалған аса қатыгез қылмыстар сериясы үшін кінәлі деп танылған. Бұл іс құрбандар саны мен қылмыстардың айрықша қатыгездігіне байланысты кең қоғамдық резонанс тудырған. Бостандыққа шыққаннан кейін Малышев Пермьдегі бұрын өз құрбандарын алдап апарған пәтерінде қайта тұра бастаған. Бұл жайт жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығы мен наразылығын туғызғанымен, құқық қорғау органдары оның сол жерде тұруына тыйым салуға заңды негіз таппаған.