Logo
Іздеу
Айдарлар

Сүйінші, ағайын! Халық заңгері ел асыға күткен қуанышты хабарды жеткізді (ВИДЕО)

/
Сүйінші, ағайын! Халық заңгері ел асыға күткен қуанышты хабарды жеткізді (ВИДЕО)
Ulysmedia.kz. Суретте: Мейірман Шекеев

Танымал заңгер Мейірман Шекеев 2026 жылды "қазақ тілі жылы" деп жариялауды ұсынды. Ол бұл бастамасын қолдау үшін Қазақстан Президентіне ресми үндеу жолдауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Заңгер бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, соңғы уақытта мемлекеттік тіл төңірегінде қоғамда жиі көтеріліп жүрген мәселелерге назар аударды. Оның айтуынша, қоғамдық көлікте болған жанжалға байланысты орыс тілінде сөйлеуді талап етіп, балағат сөздер айтқан азаматтарға қатысты сот шешімі шығып, құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылған.

"Автобустағы оқиғаға қатысты ер азамат та жауапкершіліктен құтыла алмады, оған да сотпен жаза арқалаттық. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде орыс тілінде сөйлеуді талап етіп жатқандар көп. Алайда Қазақстан Республикасының заң нормаларына сәйкес, ешкім орыс тілінде сөйлеуге міндетті емес", – деп жазды заңгер.

Мейірман Шекеев "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" заңның 4-бабын еске салып, онда әрбір азаматтың ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді – қазақ тілін меңгеруге міндетті екені нақты көрсетілгенін атап өтті.

"Мінезді болайық. Мен сот алдында да орыс тілінде сөйлеуді талап еткен өтініштерге бой ұсынбаймын", – деді Шекеев.

Сонымен қатар ол 2026 жылды мемлекеттік тілге арнау туралы бастамасын қолдайтын азаматтарды пікір білдіріп, белсенділік танытуға шақырды. Егер бұл ұсыныс Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданатын ресми үндеуге айналса, халықтың қолдауы бар-жоғын білгісі келетінін жеткізді.

Бұдан бөлек, Мейірман Шекеев тегіндегі "-ев" жалғауынан бас тартып, енді ресми түрде Мейірман Қалмаханұлы екенін хабарлады.

"Мен жеке куәлігімдегі құлдық "-ев" жалғауынан арылдым. Сіздерге челлендж ретінде жолдаймын", – деп жазды ол.

Заңгердің айтуынша, қоғамның белсенді қолдауының нәтижесінде ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері бар әрекеттерге қатысты Алматы қаласы Алатау аудандық полиция басқармасында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелген.

"Бұл – халқымыздың бірлігін танытып, мені қолдауының арқасы. Ешкімнің қазақ халқына тіл тигізуге құқығы жоқ. Қалғандарына да сабақ", – деді ол.

Қорытындысында ол жұртшылықты бірлікке шақырып, 2026 жылды "қазақ тілі жылы" деп жариялау жөнінде Президентке үндеу жасау жоспары бар екенін тағы да мәлімдеді.