Әзербайжан мұндай шешімге шұғыл наразылық білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Minval порталына сілтеме жасап.
Республика Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовтың айтуынша, Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкиннің AZAL ұшағының апаты бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы хаты Баку үшін күтпеген жағдай болған.
Әзербайжан тарапы бұл мәселе бойынша өзінің ұстанымын білдірді. Баку билігі тергеу амалдары Ресей президентінің Душанбеде айтқан сөзіне сәйкес соңына дейін жеткізіледі деп үміттенеді. «Біз бұл процесс екі ел басшыларының келіссөздеріне сай аяқталады деп күтеміз», — деді министр.
Маңғыстаудағы AZAL борты апатқа ұшырағаннан кейін бір жыл өткен соң, ҚР Көлік министрлігі «аралық хабарлама» деп аталатын материал жариялады. Құжат ұшақ апатының бір жылдығына орай дайындалған. Мамандар экипаж, ұшу барысы, ауа райы және ұшақтың техникалық жағдайы туралы деректерді зерттеді. Сараптама нәтижелері жарылғыш заттардың ізі жоқ екенін көрсетті.
Әуеапаты 2024 жылғы 25 желтоқсанда болған еді. Баку — Грозный рейсін орындаған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады. Салдарынан 38 адам, соның ішінде экипаждың үш мүшесі қаза тауып, тағы 29 жолаушы жарақат алды.