Атырауда із-түзсіз жоғалған отбасы ісі бойынша күдікті ретінде танылған Сұлтан Сәрсемалиевтің анасы алғаш рет сұхбат берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
КТК арнасының тілшісі Жанат Молдашованың мәліметінше, 29 жастағы жігіттің анасы ұлының ауыр қылмысқа баруы мүмкін екеніне сенбейтінін айтып, оның мінезін сипаттады.
"Мен баламды олай тәрбиелеген жоқпын. Ол – тәртіпті, жуас. Мұндай жолға баруы мүмкін емес. Құдай сақтасын, мен оған мүлде сенбеймін. Әкесі қатал адам, содан қорқып өсті. Бұл – мүмкін емес. Дегенмен Наурызбен араласып тұрғанын мойындаймын, амандық-саулық сұрап, Ақбаянға айтып отыратын", – деді ол.
Атышулы оқиға қоғамда қызу талқылана бастағаннан кейін анасы баласымен байланысқа шығуға тырысқанын айтты.
"Хабарлама жаздым, полиция да естіді. "Не болып жатыр? Амансың ба? Ешкімге зияныңды тигізбе, дұрыс жүр" деп жаздым. Бірақ ол оқымады. Аудио да жібердім", – дейді ол.
Сондай-ақ, Сұлтан Сәрсемалиевтің жұмысы мен оның қандай да бір діни ағымға қатысы бар деген қауесеттерге де жауап берді.
"Кенже балам биыл отызға толады. Жуас мінезді. Ондай іске бармайды. Әскерден кейін күзетші болып жұмыс істеді, кейін жүк тасушы болып еңбек етті. Намазды бастапқыда оқыды деп еститінмін, бірақ өз көзіммен көрмедім. Үйде оқымайтын. Ал келіні оқитын ол рас", – деді күдіктінің анасы.
Қазіргі таңда іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары ресми ақпаратқа ғана сүйенуге шақырып отыр.