Logo
Іздеу
Айдарлар

4 күн бойы күйеуінен көз жазып қалған әйел күтпеген оқиғаның үстінен түсті (ФОТО)

/
4 күн бойы күйеуінен көз жазып қалған әйел күтпеген оқиғаның үстінен түсті (ФОТО)
ашық дереккөзден

Көкшетау қаласының тұрғыны туыстарына барып келген соң, пәтеріне кіре алмай қалған. Көмекке келген полицейлер пәтер ішінде ер адамның аман-есен екенін анықтады – ол жай ғана қатты ұйықтап жатқан, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 қаңтар күні сағат 21:50-де кезекші бөлімге әйел адамнан қоңырау түскен. Ол пәтеріне кіре алмай жатқанын айтып, көмек сұраған.

Әйелдің айтуынша, күйеуі 15 қаңтардан бері байланысқа шықпаған. Өзі туыстарына кеткен, ал қайта оралғанда есіктің іштен жабық тұрғанын, қоңырауларға ешкім жауап бермегенін байқаған.

Оқиға орнына жедел түрде Көкшетау қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторлары – Қуат Қажымов пен Еркін Жүсіпбеков барған.

Алдымен тәртіп сақшылары әйелдің Төтенше жағдайлар қызметіне хабарласқан-хабарласпағанын нақтылаған. Алайда ол есіктің бұзылып қалуынан қорқып, ол жаққа жүгінбегенін айтқан. Қаржылық жағдайына байланысты мүлікті қалпына келтіруге мүмкіндігі болмағандықтан, есікті бүлдірмеуді өтінген.

"Мен биіктіктен қорқамын. Бірақ әйелдің "әлеуметтік желілерде полицейлер әрдайым көмектеседі" дегенін естігенде, басқа жол жоқ екенін түсіндім. Біз көмектесуге міндеттіміз", – деді Қуат Қажымов.

Өтініш иесінің талабын және адамның өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін ескерген полицейлер стандарттан тыс, бірақ жалғыз дұрыс шешім қабылдады. Олар өз қауіпсіздігін қатерге тігіп, үшінші қабаттағы көрші балкон арқылы пәтерге кірген. Бұл сәт бейнежазбаға түсірілген.

Пәтер ішіне кіргенде алаңдаушылық күшейе түскен – ер адам ешқандай үн қатпаған. Алайда көп ұзамай оның тірі екені анықталды: ол жай ғана қатты ұйықтап жатқан болып шықты. Соған қарамастан, соңына дейін жағдайдың қайғылы аяқталу қаупі бар болғаны айтылды.