Танымал мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың ұлы Жансұлтан Сапарбаев Instagram әлеуметтік желісінде жеке ой-толғамын бөлісті. Ол өз жазбасында көпшілік өзін көбіне тегі, атқаратын рөлі мен мәртебесі арқылы бағалайтынын, алайда өмірінде сырт көзге көріне бермейтін қырлар бар екенін атап өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жансұлтан Сапарбаевтың айтуынша, ол әрдайым өзіне сенімді бола бермеген, кей кезеңдерде қабылдаған шешімдеріне күмәнмен қараған сәттері де болған. Алайда мұндай ішкі толғаныстарын жұрт алдына шығаруға дағдыланбағанын жеткізді.
Сондай-ақ ол адамдарды тез танып, қарым-қатынастың шынайы қызығушылыққа емес, пайдаға құрылғанын ерте аңғаратынын жазды. Бұрын мұндай жағдайлар ашуын тудырса, қазір оны сабырмен қабылдап, өз жолымен алға жылжуды жөн көретінін айтты.
"Маған танымал болудан гөрі пайдалы болу маңызды. Баршаға ұнауға тырыспаймын. Егер жасаған ісім нақты пайда әкелсе, соның өзі жеткілікті", – деп жазды ол.
Жансұлтан Сапарбаев ішкі тыныштықты ерекше бағалайтынын да атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы тыныштық кезінде ол ең дұрыс шешімдер қабылдайды. Сонымен қатар өзін үнемі дамытып, «мен бәрін білемін» деген ұстанымнан гөрі "маған қызық" деген көзқарасты таңдағанын, қажет кезде қателігін мойындай алатынын жеткізді.
"Бұл мені өзгелерден артық етпейді. Бұл мені тек өзім етеді", – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Бердібек Сапарбаев 71 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев 1953 жылы дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдаған. Ол әр жылдары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының әкімі қызметін атқарды.
2014-2015 жылдары Премьер-министрдің орынбасары болды. 2019 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарып, 2019-2020 жылдары қайтадан Премьер-министрдің орынбасары болды.
2020 жылдың ақпанынан 2022 жылдың сәуіріне дейін Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарды. Кейін QazBioPharm ұлттық холдингі АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды.