Logo
Іздеу
Айдарлар

Тұрақтылық, әділдік, цифрлық құқықтар: Қазақстанның жаңа конституциялық моделі

/
Тұрақтылық, әділдік, цифрлық құқықтар: Қазақстанның жаңа конституциялық моделі
Сурет: ашық дереккөзден

Қоғамда үлкен талқылауға себеп болған конституциялық реформа туралы пікір білдірген Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев бұл өзгерістерді тек саяси жаңару емес, Қазақстанның тарихи тамыры мен құқықтық мәдениетінің жалғасы ретінде бағалайды. Оның айтуынша, елдегі жаңа конституциялық модель – ата-бабамыздан келе жатқан заң мен тәртіп қағидаттарының заманауи өркениет талаптарымен үйлескен көрінісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформалар халықтың сенімін арттырып, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған. Балабиевтің пайымынша, бүгінгі өзгерістер – елдің тұрақтылығы мен болашақ даму жолын айқындайтын тарихи қадам.

- Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасында адам құқықтары мен бостандықтары Преамбулада-ақ басымдық ретінде көрсетілген. Бұл қадамды өңірлік контекст және Орталық Азиядағы жалпы тенденциялар тұрғысынан қалай бағалар едіңіз?

- Бабаларымыз қанша жаумен алысып өтсе де, өзінің заңы мен тәртіптік жүйесі ықылым заманнан қалыптасқан елміз. Заң мен тәртіп жоқ жерде мемлекет тұрмақ, отбасын құрудың өзі мүмкін емес. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен "Есім ханның ескі жолы", "Қасымханның қасқа жолы", "Жеті жарғы" заңдары мен билер кеңесінің шешімдері көшпелі қазақ даласында құқықтық-саяси жүйенің негізін қалады. Күлтөбенің басында күнде кеңес еріккеннен өткен емес. Мемлекеттік маңызды мәселелер шешілді. Аталмыш заңдар да өзгеріске ұшырап тұрды. Қазіргінің тілімен айтқанда Президенттік басқару мен дала Парламенті сол кезден-ақ жұмыс істеді. Заңдарды жетілдіру заман талабы. Жүйені өзгерту үшін, бәрі оң жаққа өзгерту қоғамның қалауы.  Елде заң болмаса - хаос болады. Заң бар жерде тәртіп орнайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құқықтық-саяси реформа іске асырылуда. Соның арқасында азаматтардың құқықтарын қорғайтын, отбасының тыныштығын сақтайтын, елге пайдалы қаншама заң қабылданды. 25 жылда ұмытылған «Референдум туралы» заң жаңғырып, Конституция біршама жаңартылды. Халықпен санасып, көпшіліктің сыны мен пікірін еститін билік келді. 

Өздеріңізге белгілі төрт жыл бұрын Конституцияның қатып қалған баптары адам сенбестей өзгертіліп, Қазақстан суперпрезиденттік басқарудан бас тартты, мемлекет басшысының ет жақын туыстары лауазымды қызметтерге тағайындалмайтын, жеті жылдық өкілеттік мерзім бекітілді. 

- Көптеген сарапшылар бұл реформаларды ілгерілетудегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке рөлін ерекше атап өтуде. Осы реформалар арқылы Президенттің саяси стилі мен институционалдық жаңғыруға басымдық беретін бағыты Қазақстанның жаңа даму векторын айқындап, өңірге маңызды үлгі қалыптастырып жатыр деп айтуға бола ма?

- Қасым-Жомарт Тоқаев базбіреулер айтып жүргендей «билікқұмар» болса, Конституцияға мұндай баптар енбес еді. Президент билікқұмар емес, керісінше мемлекет пен елге аянбай қызмет қылуды мақсат еткен біртуар тұлға. Халық пен билік арасын жақындатып, ешбір еңбегі еленбей келген қарапайым еңбек адамдарының жұмысын бағалап, алғысына бөленгені ақиқат. Президенттің атқарып жатқан жұмыстарын сөзбен жеткізу мүмкін емес, оны тек көзбен көру керек. Игілікті істерді көре тұра, көрмегендей кейіп танытып, мемлекет пен Президент, қала берді халық турасында теріс пікір айту әділдік емес. Басшыға бағынуды парыз санайтын адамдар мемлекет басшысының жақсылығын асырып, елдің жамандығын жасырады. «Бас жарылса бөрік, қол сынса жең ішінде» дегендей, кемедегінің де жаны бір емес пе? «Өсер елдің бірін-бірі батыр дейді» деп елім деген ерін құрметтеген бабаларымыз көптен күткен ұлы күнге көппен бірге жеткен. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрылып, көш те түзеліп келеді. Ертелі-кеш әлеуметтік желіде басшыны жамандап, халықты арандатқаннан басқаны білмейтіндердің кесірінен әлемде геосаяси тұрақтылық бұзылып, қаншама мемлекеттің тұтастығына нұқсан келіп, тұрғылықты жұртының өз жерінен тұрақ таппай, бас сауғалап босып кеткеніне қарап сабақ алып, тыныштық сақтау керек. Бүлік басталған жерден береке қашады. Сондықтан «бетеге кетсе бел қалар, бектерің кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар?» деген астарлы өсиет әрбір отандасымыздың жадынан өшпесе екен. 

Егемен елдің бейбітшілік саясында тыныш өмір сүрудің өзі бақыт. Ел іші мен шетінде тұрақтылықтың сақталуын қамтамасыз етіп, ынтымақтастық пен серіктестік ықпалдастықты арттыру үшін сапарлатып жүрген басшымыздың Қазақстанға сіңіріп жатқан ерен еңбегі мен қайраткерлігін жоққа шығару азаматтыққа жатпайды. Мемлекет басшысының өзіне және оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиісуге болмайды. Бұл да елде тыныштық пен тұрақтылықты қалайтын жұртшылықтың сұрауымен Конституцияға енгізіліп жатқан өте құптарлық өзгеріс. Президенттің қаралы қаңтарда қасқайып тұрып, транзитті мемлекетке айналдырмай, егемендікті қолдан бере салмай, қорғап қалған батырлығын, отанға опасыздық жасамаған ерлігін бағалайды, бұқара. Жалпы мемлекет басшысының тұрақтылық деңгейге көтеруге бағытталған реформалары жақсы нәтижеге жеткізуде. Десе де кез-келген реформа тәжірибеде зерделенеді. Тиімсіз болса, заңнан алынып тасталады, қажеттілік туындаса қайта қаралады. Заң да да, жүйе де, сол үшін заң және жүйе. Қазір орын алып жатқан оңды өзгерістер де, 4 жыл бұрын Конституцияға енгізілген өзгертулер де заманның сұранысынан.

- Бірпалаталы Парламент–Құрылтай, Қазақстанның Халық Кеңесі және Вице-Президент институты сияқты жаңа құрылымдардың енгізілуі билік архитектурасын айтарлықтай өзгертеді. Бұл өзгерістерді саяси жүйенің тұрақтылығы тұрғысынан қалай бағалар едіңіз?

- Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тек бір палаталы Парламент құру шеңберінде емес, мемлекеттік басқару жүйесіне де байланысты Конституцияның көптеген баптарын өзгертуге тура келетінін айтты. Өйткені отандастарымыздың жолдаған екі мыңнан аса ұсыныстары жарты жылдан бері қаралып, мәресіне жеткен екен. Ата заңды жаңалаумен айналысатын Конституциялық комиссия құрылып, өз жұмысын бастап, жаңа жобаның алғашқы нұсқасын жариялап та үлгерді. Конституцияның жаңа жобасы Преамбула, 11 бөлім, 105 баптан тұрады. Жаңадан «Қазақстан Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты 2 бөлім қосылды. Сонымен қатар 4 бөлімнің ескі атауы жаңартылған. Ата заңның мазмұны жаңа ұлттық құндылықтар мен заман талаптарына негізделген. Яғни, Конституциялық құрылыс мақсаты, қағидаттары, себептері, қоғам мен мемлекеттің даму бағыты, қоғамдық бағдарды айқындайтын биліктің миссиясы, тарихи, мәдени, отбасы және ұлттық құндылықтарға бағытталды. 
- Қазақстан Конституциясында алғаш рет әділдік, заң және тәртіп қағидаттары, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарау нормалары бекітілді.
Мұны қоғамның түсінікті және құндылыққа негізделген «ойын ережелеріне» деген сұранысының көрінісі деп айтуға бола ма?
- Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау. 

- Жоба адами капиталға – білімге, ғылымға, мәдениетке және инновацияларға ерекше көңіл бөледі. Бұл Қазақстанның ұзақмерзімді даму моделіне көшіп жатқанын білдіре ме және бұл қадам өңірдегі көрші мемлекеттерге қандай сигнал береді деп ойлайсыз?

- Адам капиталы, білім, ғылым, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танылды. Бұл шынымен де ғылымды дамытатын білімділердің дәурені дүркірейтін кезеңге жеттік деген сөз. Президентіміз ғылымға көңіл бөліп, соңғы бес жылда мемлекеттік қолдау қаржысының көлемі 2,3 есеге артты. Биылдың өзінде терең өңдеу өндірісін өркендетуге 252 млрд теңге ғалымдарға берілмек. Елдің экономикасын өрге сүйрейтін өндіріс секторы болса, бір өнімнен көп өнім өндіру ғалымдардың бір ісі. Инновациялық дамуда сүйеу болатын ғалымдардың жетістігі. 

Заңнан аттамау үшін азаматтар алдымен құқықтық сауаттылықты арттырып алған жақсы. Адамның тыныш жүруі әрі табысты өмір сүруіне құқықтық және қаржылық тұрғыда бір кісілік білім болса жеткілікті. Ол үшін арнайы оқу орнын да заңгерлікті немесе экономиканы оқу шарт емес. Ел ішінде жоғары білімді әрі білікті мамандар баршылық, сондай адамдардан кеңес алып, білімін үйренсе игі. «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының арқасында мыңдаған адам  қаржылық сауаттылығын арттырды. Жалпы партияның қоғамдық қабылдауларында да құқықтық кеңес беріледі. Әйтпегенде, қазір, білместіктен біреудің жеке өміріне қол сұғушылық көбейіп кетті. Жеке бастың намысын таптап, отбасының сырын ақтаруға болмайды. Сол сияқты әлеуметтік желіде де, қоғамдық орында да бейәдеп сөздер айтып, ашық киініп, ұрпаққа әдепсіздікті үйретуден ұялу керек. Президент Ұлттық құрылтайда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын құндылықтарды айқындап, ұрпақтың болашағына кесірін тигізетін әрекеттерге тосқауыл қоюды тапсырды. Былтыр ішкі саясат саласын ретке келтіретін қағидаттар, құндылықтар мен бағыттар бекітілді. Енді оған басымдық беріп, белсенді түрде іске асыруға шақырды. Өздеріңізге белгілі, Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің негізінде 26 заң қабылданды. Соның арқасында ана мен баланың құқын қорғайтын, ойынқұмарлық пен нашақорлыққа қарсы қадамдар жасалды. Ел ішінде қарапайым адамдардың қолымен жасалып жатқан қылмыс азаймай тұр. Текті халықтың ұрпағы азғын ұлтқа айналмауы тиіс. Біздің болмысызда тектілік пен даналық болған. «Қазір кім боп барамыз?» деген сұраққа мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда жауап берді. Біз баяғы дана бабаларымыздың өсиетін өмірлік ұстанымға айналдырсақ, өзімізді ұлт ретінде сақтап қала аламыз. Оған Әл Фараби, Яссауи, Абайлардың ілімі мен білімі жеткізеді. Бес жақсыға асық, бес жаманнан қашық қоғам қалыптасуы үшін «еңбектеген баладан, еңкейген қарияға шейін» Абай аңсаған толық адам болуға ұмтылу керек. Ал, оның заманауи өнегесін үйрену үшін ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен ұштасып жатқан «Адал азамат» тұжырымдамасын санамен жұмыста кеңінен пайдаланған жөн. Мемлекет басшысы Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізу ендігі міндеттің бірі етіп қойды. Ғұламалардың ғибраты мен қанға сіңген халықтың тектілігі ұлттың тірегі. Ұлттық текте жаман әдет жоқ, жақсы қасиет бар. Қылмыс пен қысастық жоқ, тәрбие мен тәртіп бар еді. Ұлттық рух оянса, тағылымды тарихтан сабақ алып, жөнге келер ме ек? Тура жолды таңдап түзелмегенді не тағдыр тезге салады, не заң тәртіпке келтіреді. Ішкі тұрақтылық сақталып, қауіпсіз қоғамда қамсыз жүру үшін тіл мен әрекетпен де қылмыс жасаудан аулақ болған жөн. 84 пайызға жаңартылған жаңа Конституцияда адам құқықтары мен қоғам қауіпсіздігі ерекше қорғалмақ. 

АҚШта «Миранда ержесі» 60 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Оның тарихы Эрнесто Миранда деген азаматтың Аризона билігі арасындағы істен басталған. Содан бері АҚШта күдіктіні ұстағанда полиция оған өзінің құқықтарын түсіндіру заңмен бекітілген. Бұл күдіктінің артық сөйлеп, өзіне зиян тигізбеуі үшін керек. Яғни ұсталған адамға өзінің құқықтары түсіндірілгенге дейін айтқан сөздері тергеу кезінде алынған ақпаратқа қосымша дәлел саналмайды. Американың бұл ережесі сипаттас нормативтер басқа да мемлекеттерде қабылданды. Мәселен, Францияда ұсталған адамға қанша уақытқа дейін тергеуге алынатыны айтылып, оның ұсталғаны туралы туыстары мен жұмыс берушісіне хабарланады. Адвокаттың қатысуынсыз ешбір сұраққа жауап бермеуіне болады. Мұндай құқық Австралияда Конституциямен бекітіліп, арнайы ереже ретінде қабылданбаса, жалпы заңнамаларында қарастырылған. Онда күдітілердің тоғыз пайыздайы үнсіздік сақтауды құп көреді екен. Ұлыбританияда «Миранда ережесі» 1984 жылдан бері «Полиция және қылмыстық істің дәлелі туралы» заңына енгізілген. Сол сияқты Германия, Еуропалық одақ, Ресей Федерациясында қолданылып келеді. 

- Қазақстанда алғаш рет цифрлық ортадағы азамат құқықтарын қорғау конституциялық деңгейде бекітілмек. Цифрлану дәуіріне белсенді қадам басып жатқан өңір елдері үшін бұл қадамның маңыздылығы қандай деп ойлайсыз?

- Енді елімізде өмір сүру құқығын жоғары дәреже көтеру үшін адамға бағытталған саясат Конституциямен реттелмек. Азаматтардың жеке басына қол сұқпаушылық пен негізгі құқықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты нормалар енгізіледі. «Миранда ережесін», цифрлық дәуірде жеке мәліметтерді, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауды күшейтіліп, әлеуметтік құқықтар мен құқықтық анықтық қағидаттары беки түседі. Соңғы кездері кісі өлімі, зорлық-зомбылық, сталтинг сықылды қылмыстар көбейіп кетті. Қылмыстың алдын алу және жою үшін заңды күшейту керек пе, әлде тәрбиемен айналысу керек пе? Бүгінде әлеуметтік желіні қарауға қорқасың. Атыс, шабыс, кісі өлімі. Бәлкім, қылмысты жаятын ақпараттарға шектеу қою қажет шығар. Қалай десек те, Президент айтқандай қоғамда заң мен тәртіп орнықса, бұзақылық болмайды. Бұл тек мемлекеттің мәселесі емес, әрбір азаматтың адами борышы болуы керек. Яғни қылмыс белең алып, тыныштық бұзылмау үшін, әр адам түзелуді өзінен бастауы тиіс.

Қазақ қашанда қонағын қадірлеген. Халқымыз нәубет кешкен қилы кезеңдер де, елімізге қоныс аударған қаншама ұлтқа бір тілім нанын бөліп беріп, бір туғанындай бауырына басып, өгейсітіп  өзектен теппеген. Ұлтымыздың сол жасаған жақсылығын ұмытпай, атажұрттарына оралса да қазақты сағынып жүрген неміс, кәріс, түрік, грек, әзірбайжан, поляк сияқты ағайындар баршылық. Мұны Қазақстаннан көшіп кетсе де, қазақтан ешкім кетпейдінің кері деп білеміз. Егемендік алғаннан кейін де елде қалған этнос өкілдеріне ерекше ілтипат көрсетіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, әлі күнге этно-мәдени орталықтар жұмыс істеп келеді. Қазір жүйе өзгеріп, қоғамдық ұйымдар ретке келтірілуде. Қазақстанда бір ел, бір мемлекет деген ұғым қалыптасуы керек. Енді жаңадан құрылатын Халық кеңесінің құрамына 42 этнос өкілі мүше бола алады. Бұған дейін Парламентте 5  мандатқа Президенттік квота беріліп келсе, енді ондай арнайы бөлінбейді. Ендеше, бұрынғы бес квотаның жанында 42 өкіл саны әлдеқайда көп емес пе? Қазақстан Халық кеңесі  Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын жалғастыратын, халықтың мүдделерін білдіретін, жаңа заң шығару бастамасы құқығына ие жоғары консультативті орган болады.

Бұған дейін елімізде Президент, Парламент, Үкімет айналысып келсе, енді қоғамның ұсыныстары негізінде құқықтық бастамалар алдымен Халық Кеңесінің елегінен өтіп, Парламентке ұсынылады. Халық кеңесі консультативтік ұйымға айналады. Халық кеңесіне заңнамаларға бастамашылдық құқығын берудің пайдасы заңдардың сапалы жазылуын қамтамасыз етеді. Заң асығыс жазылмау керек. Барлық сын-ескертпелер, ұсыныстар ескерілуі тиіс. Алайда уақыт тапшылық етіп, соның салдарынан кейде кей заңның баптарымен қоғамда келіспеушілік туындап, кері қайтарылып жатады. 

- Сіздің ойыңызша, Президентке дәл қазіргі кезеңде мұндай ауқымды өзгерістер не үшін қажет? Бұл оның мемлекеттің мүддесін жеке биліктен жоғары қоя білетін, алда болжау қабілеті бар көреген лидер және нағыз патриот ретіндегі ұстанымының көрінісі деп айтуға келе ме?

- Президенттің назарына іліккен ел пікірі ескеріліп, осы уақытқа дейін көптеген заң жаңадан жазылып, қанша құжат түзетілді. Заң – мемлекет басшысы айтқандай Құран емес. Құранның өзінде ұлт пен ұлыстар мемлекет құрып, өзінің әдет-ғұрып, ұстанымдарына сай заңдар жазып, сонымен өмір сүруге рұқсат етілген екен. Сондықтан Конституция ешбір өзгертуге жатпайтын құжат деп ешбір жерде жазылмаған. 

Негізі Заңды заң шығарушы органдар жазу керек. Себебі қазір қателіктерді қоғам кешірмейді. Өйткені бұқараның саяси-құқықтық білімі артып келеді. Сондықтан заң халыққа қызмет етуі тиіс. Президент құқықтық, демократиялық мемлекет құруда. Саяси-құқықтық  реформалар осыған саясады. Халық кеңесінің рөлі осындайда керек. Мысалы бір депутаттың немесе комитеттің белгілі бір уақытта қабылдануы тиіс заңның баптарын қарап үлгерсе де, сол заңға қатысты ұсыныстарды түгел қарап үлгермеуі бек мүмкін. Содан да өкпе-реніш пен түсініспеушілік туындайды. Ал, Қазақстан Халық Кеңесі әрбір ұсынысты жыл бойы жіті талдап, азаматтардан келіп түскен нұсқаларды зерттеп-зерделеумен айналысады. Демек енді «жеті рет өлшеп бір кескен, келісіп пішкен» сапалы заңдар пайда болады. Жаңа кеңестің құрамына 42 этнос өкілдері, 42 қоғамдық бірлестік өкілдері, 42 мәслихат депутаты енеді. Референдум өткізетін күнді де Қазақстан Халық кеңесі белгілейді. Әлбетте реформаның барлығы тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқалы жинаған тәжірибені жүйелеп, кемшіліктерді түзеу үшін жасалады.

Конституцияға өзгерістер енгізу, жай кітапқа айналдыру емес. Мәселен АҚШ-тың әрбір штатының өзінің ерекшелігіне қарай жазылған жеке Конституциясы бар. Жалпы әлем елдерінде заңдар өзгертілмейді деп айта алмаймыз. Жан-жақта геосаяси жағдай тұрақсыз болып жатқан шақта  Қазақстан үшін Атазаңды жедел жаңалау керек болып тұр. Бас құжатқа енгізілген түзетулер институтционалдық-құқықтық негізін мығымдап қана қоймай, тұтас мемлекеттік жүйені жаңғыртуға, ел дамуын жаңа деңгейге көтеріп, ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Жаңадан түзілетін жүйе «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға серпін береді. Бұған дейін аймақ басшылары тек Президентке тікелей бағынса, енді жаңа жобаға сәйкес Үкіметпен де санасатын болады. Бұл да халық үніне құлақ асатын мемлекет құрудағы дұрыс қадамы.  

- Құжатта суверенитет, тәуелсіздік және аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар ретінде қатаң бекітілген. Қазіргі геосаяси процестер аясында мұны қаншалықты дер кезінде жасалған әрі маңызды белгі деп санайсыз?

- Конституциядағы мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмаушылығы туралы норма қаз-қалпында қалады. Жаңа жобаға тек Астанадағы халықаралық қаржы орталығының қызметі мен Алматыдағы Алатау қаласын дамытуға қатысты белгілі бір аумақтарға қаржы саласында арнайы құқықтық режим енгізу немесе «жылдам даму қалалары» деп аталатын қалаларды құру мүмкіндігін енгізу ұсынылды. Конституциялық құрылыстың ішкі логикалық тұтастығын қамтамасыз ету мақсатымен «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы» делініп, ұлттық құндылықтар мен заман жаңа талаптары ескерілді. 

«Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» деп аталатын жаңа бөлім басты құжатты ең үздік халықаралық тәжірибеге сай жаңартуға мүмкіндік береді. Ал атауы өзгерген «Сот жүйесі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» бөлімі де түзетіліп жатыр. Оған сот ісін жүргізу нысандарын кеңейтуге, әділеттілік пен сот тәуелсіздігінің конституциялық қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ сот жүйесіндегі кадр мәселелеріне қатысты сот мәселелері бойынша маңызды ұсыныстар енгізілді. Сот-құқықтық жүйесін реформалау Әділетті Қазақстан құру жолында қоғамда заң және тәртіп қағидатын орнықтырып келеді.  Ал, жаңа жобадағы ережелер мемлекеттіліктің конституциялық негіздерін күшейтіп, қоғам мен ел дамуындағы стратегиялық міндеттерге жауап беретін «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын іске асырып, халық үніне құлақ астатын мемлекет қалыптастыруда - жаңаша эволюциялық леп әкеледі. 

- Реформа кең ауқымды қоғамдық талқылаудың нәтижесі ретінде ұсынылып, жалпыұлттық референдумға шығарылмақ. Мұндай тәсіл өзгерістердің легитимдігін және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді қаншалықты күшейтеді?

- Ата заңға түзетулер жасырын енгізіліп жатқан жоқ. Бәрі ашық. «Бір аптаның ішінде қалай жазып шықты» деп жатқандар бар. Бір жеті емес, жарты жылдан бері жинақталған ұсыныстар сүзгіден өткізілді емес пе? Конституциялық реформалар жалпыхалықтық референдумда қабылданады. Талқылау жария түрде өтіп, жаңа жоба БАҚ бетінде жарияланды. Жасырылып қалған жоқ. Мемлекет басшысы ерікті жастар форумында да Конституцияға енгізілетін кез-келген өзгерістің референдум арқылы өтетінін тағы бір қайтара айтты. Адами капитал, білім беру, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттік қызметтің стратегиялық бағыт ретінде нақтыланып жатыр. Бұл ұрпаққа білім мен ғылым қуып, сан салалық ғылымды дамытуға бүгіннен бастап кірісуіне керемет мотивация. «Өнер-білім бар жұрттар» ғылым тауып мақтанып, елдің кемелденуіне үлес қосады. Іргелі ережелер қамтылған Контитуциялық реформаның жаңашылдықтары халықтың қолдауына ие болып жатқаны қуантады. 

Бабаларымыз бас басына би болып, бөліп алып билей беруге барынша жол бермеуге шақырған. Сол үшін кезінде қазақ хандығы құрылып, бір ұлт болып ұйысқан. Ортадан таңдалған басшыға бағынып, бірлікті тірлікті бекемдеген. Толарсақтан саз кешіп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ұланғайыр атамекенті аманат етіп кеткен. Ұлт зиялылары дамыған, жаңарған заманға бірлік, білім, еңбек, ғылым арқылы жететінін өсиет етіп өткен. Қазақтың өз қолы өз аузына жетіп, егемендіктің бесігінде тербеліп келе жатқаны ауызбіршілік пен адал еңбектің нәтижесінде. Дәл қазір дау қуатын емес, дамуға бет алып білім мен ғылым қуатын уақыт. Ата заңымызды реттеп жатқанымыз, халық болып жақсылық пен тыныштықты қалайтынымыздан.  

Жаңа жобада «Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару нысаны – президенттік республика» деп бектіліп, егемендік пен тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық, Республиканың басқару нысаны ешқашан өзгертмецтін құндылылықтар санатына жатқызылды. Президенттік басқару –  ішкі-сыртқы саяси тұрақтықтылыққа кепілдік болады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік міндетін мінсіз атқаруы осының дәлелі. Мемлекет басшысының елдің дамуы мен әлемдік аренада өз орнын табуы, дипломатиялық, серіктестік қатынастарды нығайту жолындағы тынымсыз еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Мұхиттың арғы жағы мен бергі жағындағы алпатауыттар Қазақстанды терезесімен тең көретін дәрежеге жетті. Мұның бәрі Президенттің достық ниеті мен іскерлік әрекетінің нәтижесі. Экономиканың өсіп жатқаны рас. Білімді болашақ үшін келешек мектептері, дені сау ұлт үшін емханалар мен ауруханалар, тұрғын үйлер мен жолдар салынып, ауылдарға табиғи газ бен сапалы ауыз судың жетіп жатқаны экономикалық өсімді көрсетеді. Президент халықтың табысын арттыруды тапсырып, қазір ауылдарда зауыттар ашылып, жергілікті жұртшылық жұмыспен қамтылып жатыр. Көлік логистика хабтары қолға алынып, өндірістік алаңдар құрылуда. Әуе, су, темір жол желісінің жөнделуі сауда-саттық айналымы мен жүк тасымалы транзитінің тынысын ашады, табыс көздерінің тамырына қан жүгіреді. Азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, халықтың қамы, ұлттың, мемлекеттің мүддесі – Президент үшін баға жетпес құндылық. Елді дамытып, Тәуелсіздікті нығайту жолында күш-жігерін аямай келеді. Президент бастамалары мен тапсырмалары түгел орындалатын болса, дамымаған сала қалмайды.

Бізде географиялық платформа да, табиғи ресурс та, транзиттік мүмкіндіктер мол. Тек нақты есептілік пен әрбір істі межесіне жеткізуде асқан жауапкершілік керек. Бүкіл жауапкершілікті мемлекет басшысының мойнына артып қойып қарап отырудың өзі артық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ел келешегін кемелдендіруге ерен еңбек, жігерменен халық болып атсалысу керек. Президент Ұлттық құрылтайда экономика мен логистика нақты нәтиже беру үшін түсіндіруді доғарып, есептеуге көшетін уақыттың жеткенін, ол үшін алдымен басқарушылық эксперименттерден арылу керектігін нақты айтты. Сол үшін де еліміздің басты құжаты жаңаланып жатыр. 
Күтпеген жерден басшысыз қалған мемлекеттерде басқару ісін вице-Президент жалғастырады. Билік транзитінің алдын алу үшін жаңадан басшы тағайындалғанша орнын алмастыратын немесе орнын басатын вице-Президент лауазымы керек. Ел басшысыз болмау да, қалмауы да қажет. Басшысыз жұрттар егемендіктен де, мемлекетінен де, жерінен де айырылып, босып жүр. Геосаяси текетірестерге қарасаңыз, таққа таластың жүріп жатқанын байқаймыз. Оның астарында халыққа қызмет ету деген құштарлық емес, ақша мен байлыққа деген құмарлық тұрмасына кепіл жоқ. Бүгінгі таңда қазақ билігіне бір орынбасар сұранып тұр. Елімізде вице-Президент лауазымы пайда болатынын Президент Ұлттық құрылтайда халықты хабардар етті. Әлемдік тәжіридебе бар екенін атап өтті. 

Қазақстанда вице-Президент институтын қалыптастыру техникалық тұрғыдан саяси биліктің қызметін уақытша қамтамасыз ету. Яғни, әлдеқандай себептермен билікте ауыс-түйіс орын алып  жатса да, қоғамның дамуы мен халықтың өмір сүру үрдісі тоқтамайтын үдеріс болады. Сондықтан уақытша басқару кезеңіне керек лауазым. Сынақта қалған Венесуела осының бір мысалы әрі сабағы. Ал, бізде қазіргі заңға сәйкес қандай да бір себептермен Президент биліктен кетіп қалса, оның міндеті автоматты түрде Сенат төрағасына өте алады. Екі тізгінді ұстап отыру – қарқынды дамуға бет түзеген Қазақстанға тиімсіз екенін дәлелдеді. Өйткені мемлекеттік басқару жүйесін реттеп, жаңадан басшы сайлауға біріншіден біраз уақыт кетеді, екіншіден алдағы бағыттар белгілі болса да атқарушы биліктің ендігі жасайтын жұмысы белгісіз болатындықтан, ол процестің бәрі даму үдерісін тежейді. Иерархиядағы өзгерістердің салқыны алға қойған мақсаттардың үздіксіз жүзеге асырылуына кері әсер етпеуі керек. Бұл әлемнің көптеген мемлекеттерінде бар және әбден електен өткен басқару үлгісі. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда вице-президенттің негізі міндеттеріне халықаралық форумдар мен келіссөздерде Қазақстанның мүддесін қорғайтынын, Парламентте мемлекет басшысының атынан сөз сөйлейтінін, ішкі-сыртқы қоғамдық, саяси, ғылыми және ағартушылық ұйымдармен жұмыс істейтінін, Президенттің басқа да тапсырмасын орындайтынын айтты. Вице-Президент лауазымы Конституциямен бекітіліп, Парламенттің келісімен Президент тағайындайды. Қазақстан билігінде де ширек ғасыр бұрын болған лауазым. Вице-Президент Президенттің ықпалын әлсіретпейді. "Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет" тұжырымдамасын іске асыруға жәрдемдеседі. 

Бірпалаталы парламент құру көптен бері айтылып, пісіп жетілген мәселе. Президент еліміздің жоғары заң шығарушы органында тәжірибелі әрі білікті мамандардың, салалық сарапшылардың депутат болуы керектігін айтқан. Қай салада болмасын, білікті әрі іскер, адал әрі әділ азаматтар болса, еліміздің көсегесі көгеріп, өзгелермен терезесі тең болатын жетістікке жетеді. Мемлекет басшысы сөзден нақты іске көшіп, саннан сапаға мән беріп, жұмыс істейтін жауапкершілікті күшейтуде. Парламенттің атауын «Құрылтай» деп өзгерту ұсынылды. Қазақи атау көпшіліктің көңілінен шықты. Конституцияның жаңа жобасына сәйкес Құрылтайдың құзыреті кеңейтілді. Құрылтайға 145 депутат партиялық тізіммен бес жылға сайланады. Пропорционалды жүйе партиялардың кадрлық саясатын дамытуда, олардың институционалдық рөлін арттыруда және саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуде маңызды рөл ойнайды. Жаңа Конституция жобасында бір палаталы Парламент үлгісі мен мемлекеттік органдардың жаңартылған жүйесіне арналған ережелер енгізіліп, заң шығару органының өкілеттіктері бекітілді. Құрылтайдың модулі мен оның сессияларына қызметін ұйымдастыруға қатысты баптардың барлығы жаңартылды. Заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілер нақтыланды. Құрылтайға заң қабылдау арқылы реттелетін аса маңызды қоғамдық қатынастардың тізбесі бекітілді. Заң жобаларын қарау мен қабылдаудың рәсімдері белгіленіп, Құрылтай Төрағасының лауазымына қатысты мәселелер жеке бапта реттелді. 

Бір палаталы Құрылтайға көшуге байланысты Үкімет пен оның мүшелерінің заң шығарушы органмен өзара іс-қимылын күшейту үшін атқарушы билікке қатысты көптеген ережелер реттелді. Енді Үкіметке Құрылтай алдында есеп беруге міндеттелмек. Президент тапсырмалрын өз деңгейінде орындамаған жағдайда, сенімсіздік вотумын білдіру тетіктері айқындалды. Себебі елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», Әділетті Қазақстан, «Ықпалды Президент - Күшті Парламент - есеп беретін Үкімет» құрылып жатыр. Конституциялық реформа халық пен мелекеттің игілі үшін Президент пен Парламент, Халық Кеңесінің ықпалы арттырылып, мемлекеттік басқару жүйесі жаңа сатыға көшіріліп жатыр. Жаңа Конституция елдігіміздің нығайып, еліміздің дамуына даңғыл жол ашып, кепіл болады. Жаңа реформалармен жаңа Қазақстанның эволюциялық дәуірі басталады.