Logo
Іздеу
Айдарлар

"Соғысты тоқтатын кез келді": Зеленский Украина тарихындағы бұрын-соңды болмаған хабарды айтты

/
"Соғысты тоқтатын кез келді": Зеленский Украина тарихындағы бұрын-соңды болмаған хабарды айтты
ашық дереккөзден

Украина президенті Владимир Зеленский Киевтің ұзақмерзімді әрі әділетті бейбітшілікке қол жеткізу үшін нақты қадамдар жасауға дайын екенін айтты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында АҚШ пен Ресейдің қатысуымен өтетін үшжақты келіссөздердің жаңа кезеңі қарсаңында жазды. Келіссөздер 4-5 ақпанда Абу-Даби қаласында өтеді. Бұл жөнінде Arasha.kz тілшісі УНИАН агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Дүйсенбі, 2 ақпан күні Владимир Зеленский Абу-Дабиге баратын украин делегациясымен үйлестіру кеңесін өткізді. Кеңеске Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров, Президент кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов, оның бірінші орынбасары Сергей Кислица, Бас штаб басшысы Андрей Гнатов, сондай-ақ Президент кеңсесі басшысының кеңесшісі Александр Бевз қатысты.

Мемлекет басшысы алдағы кездесулерде қозғалатын мәселелердің шеңберін нақтылап, делегация алдына қойылатын міндеттерді бекіткенін атап өтті.

«Украина нақты қадамдарға дайын. Біз әділетті әрі ұзаққа созылатын бейбітшілікке қол жеткізуге болатынына сенеміз. АҚШ-пен қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі екіжақты құжат дайын, енді қалпына келтіру мен экономикалық даму бағытындағы құжаттар бойынша мазмұнды жұмысты жалғастыруға үміт артамыз», – деп жазды Зеленский.

Сонымен қатар Украина президенті АҚШ тарапы алдағы уақытта да диалог үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуде батыл ұстанымын сақтайды деген сенім білдірді.

«Өткен жұмаға қараған түні іске қосылған деэскалация шаралары келіссөздер процесіне және ықтимал нәтижеге деген халықтың сенімін арттыруға көмектесіп отыр. Соғысты аяқтау қажет. Бізге қолдау көрсетіп жатқан әлемдегі барша жандарға алғыс айтамын. Украинаға даңқ!» – деді ол.

Айта кетейік, 4–5 ақпанда Абу-Дабиде Украина, АҚШ және Ресей өкілдерінің қатысуымен үшжақты келіссөздердің келесі кезеңі өтеді. АҚШ тарапынан бұл келіссөздерге президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысады деп күтілуде.

Бұған дейін, 23–24 қаңтарда Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен келіссөздерден кейін батыстың жетекші басылымдары Донбасс өңірінің болашағы әлі де шешілмеген мәселе екенін жазған. АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін Ресеймен бейбіт келісімге қол қойылғаннан кейін ғана беруге дайын екенін мәлімдеген. Сонымен қатар америкалық тарап Украина Донецк облысындағы ресейлік әскер күшпен басып ала алмаған аумақтардан әскерін шығаруы тиіс деген ұстанымды қолдап отыр.