Қазақстанда Конституция жобасына енгізілуі мүмкін жаңа норма қоғамда қызу пікірталас тудырды. Әңгіме І бөлімнің 5-бабы, 6-тармағында көзделген жекелеген өңірлерде «қарқынды дамитын қала» немесе қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим енгізу мүмкіндігі туралы болып отыр. Депутаттардың түсіндіруінше, бұл норма ең алдымен Астана халықаралық қаржы орталығы мен Алатау сити жобасына қатысты. Алайда бастамаға қатысты сарапшылар арасында алаңдаушылық басым.
Дегенмен тарихшы, профессор Тұрсынхан Зәкен бұл ұсынысты елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін деп бағалайды. Оның айтуынша, Конституция деңгейінде жекелеген аумақтарға ерекше құқықтық режим беру өте қауіпті үрдіске жол ашуы ықтимал.
«Сонда Конституция қабыданысымен елімізде кезінде Қытайға бағынбайтын Гонконг сияқты жаңа қала пайда бола ма? Немесе, қаланы қытайлар салады, қытайлар басқарады дегенге бара жатқан жоқпыз ба? Бұл еліміздің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына қауіпті таңдау», – дейді ол.
Ол мұндай шешім Қазақстанның егемендігіне нұқсан келтіруі мүмкін екенін айтып, «бүгін “қазақстандық Сингапур” деп мақтанышпен айтылатын қала ертең шын мәнінде мемлекет ішіндегі мемлекетке айналса, кешегі осы жерлерді қанымен қорғаған батырлардың аруағына не дейміз?» деп алаңдаушылық білдіреді.
Тұрсынхан Зәкен тарихшы ретінде Қытай тарихнамасында шекара мен ықпал аймақтарына қатысты даулы тұстар бар екенін еске салып, қандай да бір әкімшілік бірліктерге арнайы құқықтық режим енгізу туралы ұсынысты Конституцияға мүлде енгізбеу керек деп есептейді.
Ал адвокат Әлімжан Жұбатқанов бұл мәселеге құқықтық тұрғыдан баға береді. Оның айтуынша, Конституция жобасындағы 5-баптың 6-бөлігі – Қазақстан үшін жаңа норма.
«Бұған дейін елімізде арнайы құқықтық режимдер болған, бірақ олар Конституцияда емес, салалық заңдар арқылы реттелді», – дейді заңгер.
Ол 2019 жылы қабылданған Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңды, сондай-ақ салық, кеден және әкімшілік жеңілдіктерді қарастырған бұрынғы тәжірибені мысалға келтіреді.
«Яғни, арнайы құқықтық режимдерді заңмен енгізу тәжірибесі бар, бірақ Конституцияда мұндай тікелей норма бұрын-соңды болмаған», – деп атап өтті ол.
Әлімжан Жұбатқановтың пікірінше, мәселе арнайы құқықтық режимнің өзінде емес, оны неге дәл Конституцияға енгізу қажет деген сұрақта тұр.
«Экономиканы дамытуға арналған барлық құралдар қазірдің өзінде бар. Олар салық, кеден, инвестиция және кәсіпкерлік туралы заңдарда нақты жазылған. Арнайы экономикалық аймақтар да осы тетіктер арқылы жұмыс істеп келді», – дейді адвокат.
Оның ойынша, экономикалық құралды ең жоғары деңгейдегі құжатқа бекіту құқықтық икемсіздікке әкелуі мүмкін, өйткені Конституцияны өзгерту – ұзақ әрі күрделі процесс.
«Ал заңдар арқылы енгізілген режимдерді қажет болса тез түзетуге немесе өзгертуге болады», – дейді ол.
Заңгер қорытындылай келе, «қарқынды дамитын қала» сияқты арнайы құқықтық режим экономиканы ынталандыруы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірақ оны Конституцияға енгізбей-ақ, салалық заңдар арқылы іске асыру әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз деп санайды.
«Бұл құқықтық тұрақтылықты сақтайды, заңнаманы икемді етуге мүмкіндік береді және халық пен бизнес үшін түсінікті ережелер қалыптастырады», – дейді Әлімжан Жұбатқанов.
Оның пікірінше, Конституцияға енгізілетін жаңа бап қызықты бастама болғанымен, оның қалай жұмыс істейтініне қатысты тәжірибе жоқ, сондықтан алдымен төменгі деңгейдегі заңдар арқылы сынап көру әлдеқайда орынды.
Бұл пікірталас тек қазақстандық сарапшылармен шектелмейді. Арнайы құқықтық режимнің өзі құқық ғылымында әлі де толық қалыптаспаған ұғым екенін шетелдік ғалымдар да мойындайды. Ресей ғылым академиясының профессоры Александр Малько бұл мәселенің теориялық тұрғыдан әлсіз зерттелгеніне назар аударады.
Оның айтуынша, «арнайы құқықтық режим мәселесі құқық ғылымында салыстырмалы түрде жуырда ғана дербес зерттеу нысанына айналды және ерекше құқықтық құбылыс ретінде өзінің мазмұны мен мәнін толық айқындап үлгерген жоқ».
Профессордың пікірінше, бұл тақырып көбіне әкімшілік немесе салық құқығы аясында ғана қарастырылып келген. Демек, бұл тұжырым мұндай норманы Конституция деңгейінде бекітуге қатысты күмән мен сұрақтардың неге көп екеніне дәлел бола алады.