Logo
Іздеу
Айдарлар

Даулы Yaya қосымшасы жұмысын тоқтатты

/
Даулы Yaya қосымшасы жұмысын тоқтатты
Коллаж ЖИ-мен жасалды

Қазақстандық YAYA стартапы жұмысын тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz. Компания 9 ақпанда жобаның толық жабылғанын ресми түрде растады және барлық клиенттер мен серіктестер алдындағы міндеттемелерді орындап, қаражатты толық қайтаруға уәде берді.

Платформа балаларға арналған офлайн орталықтар мен онлайн оқытушыларды бір қосымшада біріктіріп, үйірмелер мен сабақтарды брондауға мүмкіндік беретін. Алайда соңғы апталарда ата-аналар тарапынан шағымдар көбейіп, сервиске қатысты мәселелер ашық айтыла бастады.

Қаңтардың соңында "Араша" YAYA жұмысына қатысты ата-аналардың наразылықтарын жазған болатын. Олардың айтуынша, компания абонементтерді сатуды жалғастырғанымен, жиналған қаражатты балаларға арналған білім беру орталықтарына уақытында аудармаған. Соның салдарынан кейбір орталықтармен келісімшарттар бұзылып, балалар сабақсыз қалған.

27 қаңтар күні стартап командасы алғаш рет ресми түсініктеме беріп, жағдайға алаңдаған ата-аналардан кешірім сұрады. 

"Біз модельді қайта құрудың ықтимал нұсқаларын тексеріп, инвесторлармен және серіктестермен келіссөздер жүргізгенге дейін мәлімдеме жасаған жоқпыз. Бірақ біз бұл ақтау емес екенін түсінеміз және жедел байланыстың жоқтығы үшін шын жүректен кешірім сұраймыз", – деп мәлімдеді компания.

Осылайша, стартап командасы қолданыста болған қаржылық модельдің тұрақсыз болғанын мойындаған еді. Компания ата-аналар үшін бағаларды барынша қолжетімді ұстауға тырысып, кейбір сабақтарды өз есебінен субсидиялаған. Алайда уақыт өте келе абонементтер өзін-өзі ақтамай, бизнес шығынға батты. Нәтижесінде кассалық алшақтық (қаражат тапшылығы) туындап, жобаның қалыпты жұмыс істеуі қиындаған.

Ақпан айының басында компания сервистің жұмысы уақытша тоқтатылғанын, барлық абонементтер «мұздатылғанын» хабарлады. Бұл – абонемент мерзімін сақтап қалу үшін жасалған шара. Сонымен қатар қаржының бір бөлігі түсіп, клиенттерге ақшаны қайтару процесі басталған.

Компания қолдау қызметіне күніне шамамен мыңға жуық өтініш түсіп жатқанын, оның ішінде қайталанатын хабарламалар да көп екенін айтты. Осыған байланысты пайдаланушылардан өтініштерді бірнеше рет жолдамауды, бір арна арқылы ғана хабарласуды сұрады.

Стартап командасының соңғы мәліметінше, осы уақытқа дейін 110-нан астам өтініш өңделіп, қаражат қайтарылған. Ақшаны қайтару үшін өтінішті мобильді қосымша арқылы беру ұсынылды: онда арнайы форма толтырылып, банк реквизиттері көрсетіледі. Одан кейін менеджер хабарласып, келісімге қол қойылған соң төлем жүзеге асырылады.