Logo
Іздеу
Айдарлар

Экономиканы ырықтандыру туралы жарлық қағаз жүзінде ғана орындалды – депутат

/
Экономиканы ырықтандыру туралы жарлық қағаз жүзінде ғана орындалды – депутат
Parlam.kz

Экономикалық өсім туралы есеп көп, ал нақты нәтиже аз. Мұны жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы да атап өтті. Мемлекеттік активтерді жекешелендірудің уақытында іске аспауы, жаңа экономикалық модельге көшу және көлік-логистика саласындағы стратегиялық міндеттер – Президент көтерген негізгі мәселелердің қатарында болды. Экономиканы ырықтандырудың неге баяулап қалғанын, табыс пен бәсекеге не кедергі болып отырғаны жөнінде мәжіліс депутаты Қайрат Балабиевпен әңгімелестік.

– Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы 2025 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын қалай белгіледі?

Бұл жиында Президент 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындыларын шығарып, алдағы уақытқа арналған стратегиялық міндеттерді нақтылап берді. Өздеріңізге белгілі жаңадан қабылданғалы жатқан Конституцияда да елдің даму бағдары стратегиялық міндет ретінде белгіленген. Президент қазіргідей күрделі кезеңде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және халықаралық әлеуетін арттыру бағыттарына жіті тоқталды. Сонымен қатар жаһандық инвестиция көлемінің азайып, көптеген елдердің өз нарығын қорғау шараларын күшейтіп, мемлекеттер арасында өзара тарифтік шектеу қою үрдісі белең алып, әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты дүние жүзінде мүлде жаңа үдерістердің пайда болып жатқаны сөз болғанын көрдік. Мемлекеттің тұрақты дамуы үшін осындай өзгерістерге экономикалық және саяси тұрғыдан бейімделу аса маңызды міндеттің бірі болмақ.

Мемлекет басшысы ескірген тәсілдерден арылып, экономиканы дамытудың жаңа, тиімді үлгісін жедел енгізу қажеттігін жеткізді. Былтыр экономика 6,5 пайызға өскенін еске сала отырып, ішкі жалпы өнімді ұлғайту мен азаматтардың нақты табысын арттыру Үкіметтің басты миссиясы екенін ерекше атап өтті.

– Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы Жарлықтың орындалуына қатысты Мемлекет басшысы неге қатаң сын айтты? Негізгі мәселе неде деп ойлайсыз?

Бұл мәселе бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев өте нақты әрі ашық позиция ұстанды. Президенттің айтуынша, экономиканы ырықтандыру жөніндегі Жарлық формалды түрде ғана орындалып отыр, яғни іс жүзінде емес, қағаз жүзіндегі есеппен шектелу басым. Құзырлы органдар бизнеске шынайы қолайлы орта қалыптастырудың орнына, тапсырмаларды атүсті орындап, жоғарыға есеп берумен ғана айналысқан. Соның салдарынан Жарлықта белгіленген басты міндеттер толық жүзеге аспаған. Яғни, мұндай көзқарас жеке кәсіпкерліктің дамуына тосқауыл болып, нарықтағы бәсекені әлсірететінін Президент ашық айтты. Бұл сын тек жекелеген салаларға емес, жалпы басқару мәдениетіне берілген баға деуге болады.

– Жиында мемлекеттік активтерді жекешелендіру мәселесі де сөз болды. Бұл бағыттағы тоқыраудың экономикаға әсері қандай?

Мемлекеттік активтерді жекешелендіру – экономиканы ырықтандырудың негізгі тетіктерінің бірі. Президент мысал ретінде Үкімет бекіткен 473 кәсіпорынның жекешелендірілуі тиіс тізімін келтіріп, бірақ сол активтерді сатуға дайындық жұмыстарының өзі басталмағанын сынға алды. Бұл – жүйелі проблеманың белгісі. Активтердің мемлекет балансында қала беруі бюджетке салмақ салады, себебі олар қазына есебінен қаржыландырылады. Ал бұл қаржы жеке секторды қолдауға, жаңа өндіріс орындарын ашуға немесе технологиялық жаңаруға бағытталуы мүмкін еді. Мемлекет басшысы «Мемлекеттік мүлік туралы» жаңа заңның да қабылданбағанын атап өтіп, мемлекеттік органдардың өз активтерінен айырылғысы келмейтіндей әсер қалдыратынын жасырмады. Мұндай жағдай бәсекелестікті тежеп, жеке кәсіпкерліктің дамуын баяулатады. Сондықтан Үкіметке бір ай ішінде Жарлықты орындауға қатысты ұстанымдарды қайта қарап, нақты әрі нәтижелі шешімдер қабылдау міндеті жүктелді.

– Жаңа экономикалық үлгі мен көлік-логистика саласына қатысты Президент қандай стратегиялық басымдықтарды атап өтті?

Мемлекет басшысы алдағы кезеңде басты мақсат бүгінгі сын-қатерлерге жедел жауап беретін, тұрақты өсімді қамтамасыз ететін жаңа экономикалық модель қалыптастыру екенін айтты. Бұл модель ұлттық табысты әділ бөлуге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және экономикалық дербестікті нығайтуға бағытталуы тиіс. Президент экономикалық өсімді өнімділікті арттыру, технологиялық жаңару және адами капиталды дамыту арқылы қамтамасыз ету қажеттігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар көлік-логистика саласын дамыту стратегиялық міндет ретінде белгіленді. Қазақстанның Еуразия құрлығындағы бірегей географиялық орнын тиімді пайдалану тарихи мүмкіндік екені айтылды. Теміржол инфрақұрылымының тозуы, нақты стратегияның жоқтығы сынға алынып, «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» бағыттарындағы жаңа желілерді іске қосу, сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген», «Бейнеу – Маңғыстау» желілерін жаңғырту қажеттігі нақты тапсырма ретінде қойылды. Президент сөзінің түйіні – қағаздағы жоспар емес, нақты нәтиже. Тек сол кезде ғана экономика өсіп, халықтың тұрмыс деңгейі жақсаратынын қадап айтты.

– Әңгімеңізге рақмет!