Logo
Іздеу
Айдарлар

Еті арзан елдер де ет экспортын шектейді – сарапшы

/
Еті арзан елдер де ет экспортын шектейді – сарапшы
world-nan.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігі елден сиыр етін шығаруға толық тыйым салынды деген ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда экспортқа шектеу қойылмаған, тек белгілі бір көлемде квота енгізілген.

Министрлік дерегіне сәйкес, өткен жылдың тамызында жыл соңына дейін 13 мың тонна көлемінде квота бекітілген. Кейін желтоқсанда бұл тәртіп 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін ұзартылып, көлемі 20 мың тонна болып белгіленген. Яғни, қазақстандық сиыр етін шетелге сатуға рұқсат бар, бірақ белгіленген шекті мөлшер аясында ғана жүзеге асады.

Қазір экспортпен санаулы кәсіпорын айналысып отыр. Министрлік квота бөлу тәртібін қайта қарап, экспорттаушылар санын көбейту қажет екенін мәлімдеді.

Тәуелсіз сарапшы Ербол Есенеевтің айтуынша, квота – шекараны жабу емес, ішкі нарықты қорғауға бағытталған реттеу құралы.

«Квота дегеніміз – экспортқа белгілі бір көлемде ғана рұқсат беру. Сауда министрлігі өткен жылдардағы көрсеткіштерді негізге алып, өнімнің шектен тыс сыртқа кетіп қалмауын қадағалайды. Бұл шекараны толық жабу деген сөз емес. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде кеңінен қолданылады. Көп жағдайда ет шетелге шикізат күйінде шығарылады. Негізгі мәселе – квота санаулы шаруашылықтарға ғана беріледі. Көбіне бұл ірі кәсіпорындар. Ал халық арасында қандай талаппен рұқсат берілді деген сұрақ туындауы мүмкін», – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, мұндай шектеулер тек етке ғана емес, бұрын майлы дақылдарға, ұнға, бидайға да қолданылған. Экспортқа шығарылатын өнім арнайы сертификат арқылы бақыланады.

Ербол Есенеев ішкі нарықтағы жағдайға да тоқталды.

«Қазір етке сұраныс жоғары, баға да өсіп келеді. Сондықтан ішкі нарықты толық қамтамасыз ету үшін мемлекет белгілі бір деңгейде шектеу енгізуі керек деп есептеймін. Мысалы, ең арзан ет Моңғолияда, ондағы баға 3-3,5 АҚШ долларынан аспайды. Бірақ олардың өзі қай елге қанша көлемде ет шығаратынын реттеп отыр. Өйткені бағаға ең алдымен мал саны әсер етеді», – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда ет бағасын біржақты бағалау қиын.

«Орта Азия елдерінде, әсіресе Тәжікстан мен Өзбекстанда қазақстандық сиыр етіне сұраныс жоғары. Бұл елдердің халқы жыл сайын кемінде бір миллион адамға көбейіп келеді. Қазақстан олар үшін ең қолжетімді нарықтардың бірі. Демек, сыртқы сұраныс өсе береді. Бірақ біз сол сұранысты қамтамасыз ететін деңгейде мал шаруашылығына жеткілікті қолдау көрсете алмай отырмыз», – деді Есенеев.

Ол мал шаруашылығын дамыту үшін жүйелі қадамдар қажет екенін айтады.

«Мал өсіру үшін ең алдымен жер керек. 10 мың гектардан астам жері бар шаруашылықтарға мал өсіру талабын қою орынды. Егер жайылым жеткілікті болса, батыл шешімдер қабылдау қажет. Талаптар өңірдің ерекшелігіне сай болуы тиіс: мәселен, солтүстікте – ірі қара, ал Ұлытау, Ақтөбе сияқты аймақтарда түйе, жылқы, қой өсірген тиімді», – дейді сарапшы.

Сонымен қатар ол ірі қараны ет бағытында өсірудің қиындығына назар аударды.

«Ірі қара малды етке өсіру – ауыр еңбек. Ол тек жай жем-шөппен өсе салмайды. Оған сапалы кептірілген шөп пен сенаж (ауа кірмейтін жерде сақталған жартылай жасыл шөп) қажет. Мұндай мүмкіндік көбіне ірі шаруашылықтарда ғана бар. Ресей мен Беларусь тәжірибесінде сүт фермаларында туған бұқаларды етке бағыттап өсіреді. Ресей ішкі нарықтағы ірі қара етіне деген сұраныстың шамамен 90 пайызын осы тәсілмен қамтамасыз етіп отыр. Бізге де ет тапшылығын болдырмау үшін осындай тәжірибені енгізу қажет»,– деді Ербол Есенеев.