Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылында өз үйінен өлі табылған ерлі-зайыптының туыстары күдіктілер қатарында аталған қыздары Ақбаянның тірі табылғанына қуанып отыр. Дегенмен олар Ақбаянның қылмысқа қатысы барына сенбейді әрі әлі іздеуде жүрген Наурыз бен Мейрамгүлдің тағдырына алаңдаулы, деп хабарлайды Arasha.kz.
Атыраудағы ауыр оқиғаға қатысты қаралы үйдің адамдары ең әуелі екі бірдей жанның – Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның тағдыры қыл үстінде тұрғанын айтады.
«Екі бауырымыздан хабар шықса екен, ең болмағанда сүйегі табылса екен», - деді туыстары КТК арнасына берген сұхбатында.
Еске салайық, Жангелдин ауылында бір үйдің төрт адамы із-түзсіз жоғалып, кейін зейнет жасындағы ерлі-зайыптылардың мәйіті өз үйінен табылған. Тергеу нұсқасына сай, бұл қылмысқа қатысты күдік марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев пен қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға түскен. Екеуі Индонезия аумағында ұсталғаны хабарланды.
Десе де қаралы үйдің туыстары Ақбаянның өз әке-шешесіне қиянат жасауы мүмкін дегенге иланбай отыр. Олардың пайымынша, Ақбаян күйеуінің айтқанынан шықпай, соңынан еріп жүрген болуы ықтимал, ал істің ақ-қарасы әлі толық ашылған жоқ.
Марқұм Мақсот Мұқанғалиевтің қарындасы Асила Мұқанғалиева сіңлісі Ақбаянмен қалада жиі араласқанын, оның балажан екенін айтады. Туыстарының айтуынша, бұл оқиғаның салмағы балаларға да ауыр тиген: бес бала жан-жаққа бөлініп, қамқорлық мекемесіне жіберілгені отбасының ең өзекті жарасына айналған.
Асила Мұқанғалиева, марқұм Мақсот Мұқанғалиевтің қарындасы:
— Ақбаянның тірі екеніне қуандық. Қасында екеніне қуандық. Екі бауырымыз табылатын болды ғой. Ақбаян келіп, жазылып, емделіп, балаларын бауырына басады ғой деп ойлап жыладық. Күдікті істегенінің бәрін мойнына алса екен дейміз.
Қазір құзырлы органдар күдіктілерді Қазақстанға қайтаруға бағытталған шараларды қолға алғаны айтылады. Ал Жангелдиндегі қаралы шаңырақ үшін ең басты үміт – әлі табылмаған екі адамның нақты тағдыры белгілі болып, бұл істің әділ нүктесі қойылуы.