Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды
Logo
Іздеу
Айдарлар

Digital Nauryz: БҚО-да Амал мерекесіне орай цифрлық құттықтау ұйымдастырылды

/
Digital Nauryz: БҚО-да Амал мерекесіне орай цифрлық құттықтау ұйымдастырылды
Фото: коллаж arasha.kz

Батыс Қазақстан облысында Амал мерекесі ерекше аталып өтіп жатыр. Бүгінде бұл дәстүр жаңа сипат алып, заманауи технологиялармен ұштасып келеді. Мәселен, Амал мерекесіне орай облыстағы барлық LED экрандар мен электрондық тақталарда арнайы цифрлық құттықтаулар көрсетілді, деп баяндайды arasha.kz.

Жасанды интеллекттің көмегімен тарихи тұлға Әбілхайыр ханның бейнесі жанданып, тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтайтын бейнероликтер ұсынылды. Бұл – дәстүр мен технологияның үйлескен көрінісі. Қаланың орталық көшелері мен қоғамдық орындарында мерекелік цифрлық атмосфера қалыптасып, көктемгі жаңару рухы ерекше сезіледі.

Қазақтың дәстүрлі күнтізбесінде көктемнің алғашқы лебі сезілетін ерекше күн бар. Ол – 14 наурыз, Көрісу күні немесе Амал мерекесі. Бұл күн тек бір-бірімен амандасып, құшақтасатын рәсім ғана емес, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дүниетаным мен қоғамдық этиканың көрінісі. Көшпенді қазақ қоғамында Көрісу – адамдарды жақындастыратын, реніштерді ұмыттыратын, жаңа жылдың табалдырығын бейбіт көңілмен аттауға шақыратын ерекше салт.

Қазақ ұғымында «көрісу» сөзі жай ғана амандасу емес. Халық арасында «көріскенше», «көріселік», «көріскен күн», «көрісіп тұрайық» деген тіркестер жиі айтылады. Бұл – адамдардың бір-біріне деген сағынышын, сыйластығын білдіретін сөздер. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы да «Жазғытұры» өлеңінде: «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп, осы дәстүрдің қоғамдағы орнын айрықша бейнелеген.

Этнографтардың айтуынша, қар еріп, табиғат жаңаратын осы кезеңде Көрісу дәстүрі Қазақстанның барлық өңірінде болған. Бұл – тек қазақ халқына ғана тән емес, жалпы көшпенді өркениетке ортақ мәдени құбылыс. Халық оны әртүрлі атаумен атап келген: араб күнтізбесіне сәйкес Амал күні, мазмұнына қарай Көрісу күні, ал жаңару идеясымен байланыстырғанда Ұлыстың ұлы күні немесе Наурыз мейрамының бастауы деп түсіндірілген. Қалай аталғанымен, бұл күннің мәні бір – адамдардың бір-бірімен табысып, жаңа кезеңді ақ тілекпен бастауында.

Көрісу күні – қазақ қоғамындағы теңдік пен ізгіліктің символы. Бұл күні ер мен әйел, кәрі мен жас, бай мен кедей – барлығы бір-бірімен тең дәрежеде көріседі. Қол алысып, құшақтасып амандасу арқылы адамдар бір-біріне амандық тілеп, өткен жылғы өкпе-ренішті ұмытып, жаңа жылға таза ниетпен қадам басады. Сондықтан Көрісу – жай ғана рәсім емес, ұлттық бірегейлікті айқындайтын, қоғамды біріктіретін рухани категория.

Амал мерекесінің басты мағынасы – адамдар арасындағы байланысты нығайту, қоғамда татулық пен бірлікті сақтау. Көрісу – әрбір адамның туғаннан өмірінің соңына дейін жалғасатын рухани көпір іспетті. Сол себепті бұл дәстүр қазақ мәдениетінің жүрегінде сақталған ерекше құндылықтардың бірі.

14 наурыз – тек көктемнің келуі ғана емес, адамдардың бір-біріне деген ықыласы мен мейірімінің жаңаруы. Көрісу күні бізге өткенді саралап, болашаққа үмітпен қарауды, бір-бірімізді қадірлеуді еске салады. Сондықтан Амал мерекесі – Ұлыстың ұлы күніне бастайтын алғашқы қадам, ұлттық рух пен адамгершіліктің жарқын көрінісі.