Мені кеше шошытқаны – осы депутаттардың нәзік тақырыпты бірауыздан қолдай салғаны. Ешқандай кері байланыс, сыни сұрақтар болмады. Кей сәттерде тіпті «құдай сақтасын, психологқа барып не істеймін?» деген сияқты пікірлердің айтылуы және дәл осындай көзқарастағы адамдардың психология саласына қатысты шешім қабылдауы алаңдатады.
Мен сөзімді ең алдымен қорғаныш мәселесінен бастағым келеді.
«Психологтар жұмысын дұрыс жүргізбесе, айыппұл саламыз», «заң жүзінде талап қоямыз» деген ұсыныстар айтылып жатыр. Мысалы, клиенттің рұқсатымен аудиожазба жүргізу туралы. Осы жерде мынадай сұрақ туады: ал егер клиент аудиожазбаға рұқсат бермесе, біз ол клиенттен бас тартуымыз керек пе? Жазылған протокол сотта жарамсыз болып қалса ше? Жалпы, сотта клиентпен жүргізілген жұмысты қалай дәлелдейміз?
Бізге әртүрлі клиенттер келеді. Мысалы, әйел адам терапияға келіп, біртіндеп өзгеріп, ішкі тірегі қалыптаса бастайды. Осы кезде ол бұрынғыдай күйеуіне ыңғайлы болмай қалады. Күйеуі «психолог бүлдірді» деп шағым түсірсе не болады? Ал әйелдің өзі әлі тәуелді қарым-қатынастан толық шықпаған, процестің ортасында болса және күйеуінің ықпалына еріп кетсе, сол сәтте сотта психологты кім қорғайды?
Ассоциациялардың қорғауы жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұндай жағдайда «жаппай психоз» қаупі де туындайды. Адамдар өз өміріне жауапкершілікті психологқа ысыра салса, онда сол жауапкершілікті кім көтереді? Егер бірнеше психолог қатарынан сотқа тартылса, ассоциациялар оларды қай уақытқа дейін қорғай алады? Бұл – өте күрделі мәселе.
Бұл заңды қабылдап отырған адамдар психотерапия мен клиентпен жұмыс процесін толық түсінбейтін сияқты. Кейде клиентпен 10-15 сессия бойы өзгеріс болмауы мүмкін. Бұл – жалған ақпараттан, психологиялық дайын еместіктен немесе белгілі бір тақырыпқа баруға қорқыныштан болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жауапкершілік тек психологқа емес, клиентке де ортақ.
Психологтың жұмысы – адамның ішкі әлемімен жұмыс. Сондықтан мұнда еркіндік болуы тиіс: ой еркіндігі, сөз еркіндігі, гипотеза жасау еркіндігі. Егер әрбір болжамды қате деп қабылдап, жазалай берсек, онда тіпті 50–60 жыл тәжірибесі бар мамандардың өзі қателесуі мүмкін екенін ескеруіміз керек.
Егер әр қадам үшін айыппұл салына берсе, психологтың зерттеушілік позициясы жойылады. Психолог клиенттің алдында қорқып отырса, ол жерде қандай сапалы жұмыс болады? Бұл жағдайда психология туралы сөз қозғаудың өзі қиын.
Қаржы мәселесіне келсек, дипломы мен сертификаты бола тұра, тәжірибеде әлсіз мамандар бар. Сонымен қатар, дипломы жоқ болса да, адамдарға шынайы көмек көрсетіп жүргендер де бар. Егер «алдымен 5 жыл оқып, диплом ал, содан кейін ғана жұмыс істе» десек, олар тәжірибені қайдан жинайды?
Сертификаттарды да ескеру қажет. Тек дипломға қарап бағалау – әділетсіз.
Тағы бір маңызды мәселе – супервизия. 900 сағат өту керек деген талап бар, бұл дұрыс. Бірақ жас маманның жеке терапия мен супервизияға қаражаты жетпеуі мүмкін. Ал тәжірибе жинау үшін жұмыс істеуі керек.
Сонда жас маман кәсіби қолдауға қаржысы болмаса, тәжірибені қалай жинайды? Бұл – талап пен шынайы мүмкіндік арасындағы үлкен алшақтық.
Тағы бір сұрақ: осы заң жобасын әзірлеген комиссия кімдерден құралған? Неге ол Қазақстандағы кәсіби ассоциациялардан жиналған мамандардан құрылмады? Естуімізше, ішінде теоретиктер көп. Ал практикадан алыс адамдар нақты жұмыс процесін қаншалықты түсінеді?
Білім беру жүйесіне де назар аудару қажет. Психологияны оқытатын мамандардың өзі қаншалықты жеке терапиядан өткен? Теорияны айтып тұрып, студенттердің жеке шекарасын бұзатын жағдайлар жоқ па?
Психология факультетіне түскен студенттер де белгілі бір психологиялық іріктеуден өтуі керек. Сонымен қатар, оқу барысында жеке терапия міндетті болуы тиіс. Болашақ психолог өз жарақатымен жұмыс істемей, клиентке көмектесе алмайды.
Бұл заң жобасы тым агрессивті түрде ұсынылған сияқты. Кейбір адамдарды тоқтатамыз деп отырып, шынайы кәсіби мамандарға зиян келтіру қаупі бар.
Әлемдік тәжірибеде реестр бар, бірақ сонымен қатар еркіндік те сақталған. Бүгінде елімізде психологиялық сауаттылық біртіндеп өсіп келеді. Мұны жеке және жұптық терапияға келетін адамдар санының артуынан байқауға болады.
Сондықтан адамдарға саналы түрде таңдау жасау мүмкіндігін неге бермеске?
Ғалияш МАХАШОВА,
«Бейсана» Қазақстан психологтар қоғамдастығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы.