Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Қазақстандағы еңбек адамының бейнесі

Қазақстандағы еңбек адамының бейнесі
egemen.kz

Қазақстанда еңбек адамының бейнесі қалай танытылып жатыр? Мемлекет жұмысшы мамандықтарды қалай қолдауда? Қазіргі жастар қарапайым жұмысшы болуға қызыға ма? Мамандық таңдауда жастарға қандай бағыт беріліп жатыр?

Өздеріңіз білесіздер, өткен 2025 жылы мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп атаған еді.  Жыл бойы қанша жұмысшы марапатталды? Расында жұмысшы мамандықтарды елеп-ескеру нәтижесін берді ме деген сауалға аз-маз жауап іздеп көрген едік.

Айта кетейік, өткен жылы Президент Жарлығымен 1300-ге жуық жұмысшы мамандық иелері түрлі мемлекеттік марапаттарға ие болыпты. Мұның бәрі де жұмысшылардың еңбегін қадірлеп, маңыз бен мәртебе беруі үшін жасалған игі қадамдар.

Шындыққа тура қарасақ, ешкім де көше сыпырып, еден жуушы боламын деп армандамайды. Бірақ мемлекет тарапынан қарапайым еңбек иелерін қолдап, жыл бойы кеңінен насихаттауы құптарлық жайт. Елімізге әлі де болса құтқарушы, мұнайшы, мұғалім, дәрігер, ауыл және су шаруашылығы сынды мамандар мен энергетиктер қажет. Өйткені, еңбек адамы – елдің жүгін сүйреуші.

Өткен 2025 жыл қоғамдағы қаншама еңбек адамдарын серпілтті, қуантты. Олардың үнсіз атқарып жатқан жұмыстары ескерілді. Бұл өз кезегінде жастарға да серпін беріп, қарапайым жұмысшы болудың мақтаныш екендігін көрсете алды. Сондай-ақ, бұл көрсеткіш қазақ тарихында Тәуелсіздік алғалы бері еңбек адамдарына жасалған тұңғыш ауқымды марапаттар болып саналады. Бұдан бөлек, өңірлерде де жүздеген жұмысшылар марапаттарға ие болып жатты.

Қазіргі таңда 3,3 миллион адам жұмысшы мамандығымен еңбек етуде. Оның екі мыңға жуығы техникалық кәсіпті қамтып отырғандар. Ал еңбекпен қамтылған жастар санына келсек, олардың саны 1,2 миллионды құрайды. Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін 57 мың фермер, 25 мыңнан аса дәнекерлеуші,  16 мың автокөлік жөндеуші мен слесарь бар екен.

Қалай десек те, «Еңбек адамының» бейнесін қалыптастыру марапатпен немесе бір жыл төңірегінде жыл атауын беріп қоя салумен шектеуге болмайды. Мемлекет адал кәсіпті әрдайым насихаттауда, еңбек жағдайын жасауда, әлеуметтік қолдауды күшейткені абзал.

Қорыта айтқанда, еңбекқорлықты дәріптеу және оны ұлттық құндылық ретінде санаға тереңдеп сіңіру – экономикаға да оң әсерін тигізеді.

Бөлісу