Нарық заманында жұмыссыз қалумен қатар айналысатын кәсібің болмаса күн көру өте қиын. Қымбатшылық жағадан алып тұрғанда, оған елдегі жұмыссыз отырған азаматтардың санын қоссаңыз, бұл әлеуметтік көрініске кері әсерін тигізері сөзсіз. Талпынған, ізденген жанға «Екі қолға бір күректің» табылары сөзсіз.
Елімізде еңбек нарығы қалай дамып келеді? Бұған Ұлттық статистика ұсынған деректерге жүгініп көрсек, 2025 жылы жұмыспен қамту деңгейі 64,7 пайызды құраса, жұмыссыздық 4,6 пайыз деңгейінде сақталыпты. Ал жалпы жұмыспен қамтылғандар санына келсек, 9,3 миллион адамнан асқан. Айталық, жалдамалы жұмыста 2,1 миллион адам еңбек етеді. Әсіресе сауда саласында жұмыспен қамтылғандардың үлесі көп - 16,7% құрайды, ал өнеркәсіпте 12 пайыз, білім беру ұйымдарында 13,2 пайыз, ауыл шаруашылығында 10,6 пайыз екен.
Мемлекет өз кезегінде азаматтарды жұмыссыз қалдырмауға, елдегі барлық саланың дамуына күшін салуда. Осы ретте білім беру, сауда, өнеркәсіп немесе ауыл шаруашылығы салаларына басымдық беруде. Биыл да ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа жұмыс орындарын ашуды, еңбек қауіпсіздігін сақтауды, сонымен қатар еңбек қатынастарын цифрландыруды басты міндеті етіп қойды.
Бір ғана мысал, Мансап орталықтарында 329 мыңнан аса жұмыссыз тіркеліпті. Министрлік «Жастар практикасы» жобасы аясында 25 мың жас азаматты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
Бұл бағдарламаға қатысу үшін жасы 35-ке толмаған әрбір жас маман аталған орталыққа өтініш беруі қажет. Жұмысқа қабылданған жастарға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жалақы төленіп отырады.
Айта кетейік, аталған жоба бойынша қаңтар-наурыз айларында 423 адам жұмысқа алынған. Олардың көпшілігін заңгер, шет тілі мұғалімдері, тәрбиеші, мейіргер және бастауыш сыныптың мұғалімдері құрайды.