Бүгінгі таңда Ресей Федерациясы тарихындағы ең ауыр экономикалық дағдарыстардың бірінің алдында тұр. Бұл жолғы тығырықтың сипаты 2008 жылғы әлемдік қаржылық дағдарыстан әлдеқайда күрделі әрі қауіпті. Саясаттанушы Нұрмұхамед Байғараевтың пікірінше, көрші елдегі бұл ахуал жай ғана ішкі мәселе емес, ол тікелей Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне әсер ететін факторға айналып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Саясаттанушының айтуынша, бұл жолы соққы сан тараптан. Шетелдік компаниялар кетіп қалды, жан-жақты санкция, газ-мұнайы сатылмай жатыр, шетелден инвестиция келмейді, соғыстың қаржылық шығыны тым мол. Содан бизнес жабылып, жұмыссыздық артып, өндіріс тоқтап жатыр.
«Соның әсерінен тек 2025 жылы 800 мың кәсіпкер бизнесін жапқан. Ресейліктердің 60 пайызының жиған ақшасы жоқ. 2026 жылы былтырмен салыстырғанда Мәскеу мен Петерборда 7500 дүкен жабылған. Былтыр бұл елдегі өндіріс орындары 7,5 трлн рубль шығын көрген. Ең көбі – Газпромда. Тек Ресей темір жолы биыл 6 мың адамды жұмыстан шығармақ. Қысқарту жүргізетін зауыттар аз емес», - дейді ол.
Мұндайда ресейліктер не істейді? Соғыс пен жұмыссыздықтан қашып, жақын елдерге жаппай көшеді. Биыл жазда көш деңгейі өсуі мүмкін. Қазір Threads толған ресейліктердің жазбасы. Алматы, Астана, Көкшетауға қалай көшкенін тәптіштеп жазады.
Ең бастысы – тіл проблемасы жоқ, ешкім қазақ тілін талап етпейді дегенге келтіреді. Бәрі орысша дегені ғой. Ықтиярхат алу үшін қазақ тілінің ең төмен деңгейін білу талабы жақында ғана енді. Көбі азаматтық алып үлгерген. Бұрын көшіп кеткендер енді отбасылы болып қайтып келіп жатыр.
«Енді олар басқа ресейліктерді Қазақстанға көшуге үгіттеген посттар жаза бастады. Ықтиярхат алуға қазақ тілін сұрайтын талапты алыптастауды сұраған фейк аккаунттар көбейді. Бұлар – қазір бас сауғалаған мигранттар. Дегенмен көзқарасы еш өзгермеген, сол путинист, сол соғысты қолдаушы, Батысты жау, өзге ұлттарды өзінен төмен көрушілер деп ойлаймын. Тек тірі қалу үшін жан бағуға келгендер. Ең қиыны, мұндай топ ертең «біздің құқығымызды таптады, орысша бізге жауап бермейді, 9 мамырда парад, марш өткізбейді» деп шу шығаруы әбден мүмкін. Кремльге сонысымен ыңғайлы. Ал ол Қазақстанға ақпараттық, саяси қысым жасауға жақсы себеп», - дейді Н. Байғараев.
Оның айтуынша, Ресей – үнемі шеттен жау іздеуші ел. Солай ішкі қоғамды мобилизация жасайды. Өздерінің дәстүрлі саяси технологиясы. 1990 жж АҚШ-ты, кейін Шешенстанды, содан кейін НАТО, Еуропаны, Украинаны, қазір мигранттарды жау образына теліп қойды. Ертең Украинадан түк таппай оралғанда жаңа жау іздеуіне тура келеді. Міне, сонда қазіргі көшіп жатқан мигранттарды қолдануы бек мүмкін.
Мұндай әдісті Кремль Эстонияның Нарвасында, Молдованың Преднестровьесінде қолданды. Сондықтан қазіргі ресейліктердің жаппай көші – жай миграция емес, келешекке ақырын жиналып жатқан саяси қауіп.