Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Аймақтар

Алматы облысында үй жарылып, анасы мен үш бала жарақат алды

Алматы облысында үй жарылып, анасы мен үш бала жарақат алды
видео скрин (ЖИ арқылы өңделді)

Алматы облысы Іле ауданындағы Екпінді ауылында жекеменшік үйде жойқын жарылыс болып, 44 жастағы әйел мен оның үш баласы ауыр жарақат алды. Жарылыстан баспана түгелге жуық қирап, орнында іргетасы ғана қалған, деп хабарлады КТК телеарнасы. Тұрғындар жер астындағы газ құбырынан ақау шыққанын айтып дабыл қағуда. Қазір оқиғаның нақты себебі сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.

Қайғылы оқиға жұма күні таңғы сағат бестің шамасында болған. Үй иесі Самат Жайылханов сол сәтте аулада жүргенін айтады. Оның сөзінше, бірнеше секунд ішінде баспана аспанға көтерілгендей жарылып, артынша өрт тұтанған.

«Барлығын өз көзіммен көрдім. Шатыр ұшып кетті, қабырғалар жан-жаққа шашылды. Сосын өрт шықты. Әйелімнің айқайын естіп, бірден жүгірдім. Ол үйіндінің астында жатты. Қолынан тартып шығардым. Кейін көршілер келіп, балаларды алып шықты. Ең қатты күйген – екінші ұлым. Беті, қолы, аяғы зақымданды. Кішісінің де беті күйіп, мұрны сынған», – дейді ол.

Алдын ала мәліметке сәйкес, жарылыс үйдегі балалардың бірі шай қою үшін газ жаққан сәтте болған. Сіріңке тұтатқаннан кейін бірден күшті жарылыс естілген.

Дәрігерлердің мәліметінше, 44 жастағы әйел мен үш бала ауруханаға бас-ми жарақатымен, сүйек сынуымен және ауыр күйікпен жеткізілген. Үлкені – 17 жаста, кішісі – 10 жаста. Олардың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.

Жарылыстың екпіні соншалық, үй толықтай қираған. Қазір оқиға орнында кірпіш пен ағаш қалдықтары ғана жатыр. Ауыл тұрғындары бұл жағдайдан кейін үрей құшағында қалғанын жасырмайды.

«Жарылыс бүкіл ауылға естілді. Көрші үйлердің терезелері шағылды. Бірнеше күннен бері ұйықтай алмай жүрміз. Ертең біздің үй де ұшып кетпесіне кім кепіл? Газ құбырларын үйлерге тым жақын тартқан ба деп қорқамыз», – дейді ауыл тұрғыны Ерлан Айжанов.

Ал газ қызметі жер астындағы құбырдан ақау табылғанын растады.

«Оқиға орнына келгенде жарылыстың себебі белгісіз болды. Кейін жер астынан көпіршіктер шығып жатқанын көрдік. Бұл – газдың сыртқа шығып жатқанын білдіреді. Апаттық бригада шақырылып, шұғыл түрде ақау орны оқшауланды. Қазір бүлінген құбыр бөлігі ауыстырылып жатыр», – деді «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ бас инженері Ерлан Құмашев.

Жарылыстан жалғыз баспанасынан айырылған көпбалалы отбасыға ауыл тұрғындары қолдау көрсете бастаған. Әкімдік те көмек берілетінін мәлімдеді.

«Ауыл адамдары шамамен 2 миллион теңге жинады. Демеушілермен келіссөз жүріп жатыр. Мемлекет тарапынан да кепілдендірілген көмек көрсетіледі», – деді Ақсай ауылдық округінің әкімі Бақыт Туреев.

Қазір отбасы мүшелерінің өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр. Ал қайғылы оқиғаға кім жауап беретіні мен жарылыстың нақты себебі сараптама нәтижесінен кейін анықталмақ.