Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Маңғыстау облысы

Ақтаудағы МАЭК-те екі жұмысшы тұз қышқылынан күйік алды

Ақтаудағы МАЭК-те екі жұмысшы тұз қышқылынан күйік алды
Сурет: maek.kz

«МАЭК» ЖШС-де өндірістік оқиға болды, тұз қышқылын айдау процесі аяқталған кезде ерітінді шашырап, салдарынан екі қызметкер зардап шеккен. Бұл ақпаратты еңбек инспекциясы растады, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға 23 сәуір күні сағат 10:30 шамасында ЗПДиПТВС №1 цехында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, екі жұмысшы ГТПИ-3 негізгі конденсаторын қышқылмен жуу жұмыстарын жүргізген. Тұз қышқылы ерітіндісі арнайы айдау сорғысы арқылы шлангпен берілген.

Жұмыс аяқталып, сорғы өшірілгеннен кейін шлангты шешу кезінде ерітінді сыртқа шашырап кеткен. Соның салдарынан қышқыл тамшылары жұмысшылардың беті мен көз аймағына тиген.

Зардап шеккендер дереу Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді.

«Аталған жазатайым оқиға туралы жұмыс беруші белгіленген тәртіпте мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментіне хабарлады. Қазіргі уақытта алынған жарақаттардың ауырлық дәрежесі бойынша медициналық қорытынды күтілуде. Егер оқиға ауыр немесе топтық жазатайым жағдай ретінде танылса, онда тергеу мемлекеттік еңбек инспекторының қатысуымен арнайы тәртіпте жүргізіледі», - деді Маңғыстау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кемалов.