Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Алматы

Алматыда самокат мінушілерге талап күшейтілді

Алматыда самокат мінушілерге талап күшейтілді
Сурет: Алматы әкімдігі

Алматы полицейлері кикшеринг компанияларының өкілдерімен қалада электрлі самокаттарды пайдалану мәселесін талқылады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алматы қалалық Полиция департаментінің Instagram-парақшасында хабарланғандай, кездесу барысында электрлі самокаттарды дұрыс пайдалану және пайдаланушылардың тәртіп мәселелері көтерілді. Атап айтқанда, жол қозғалысы ережелерін бұзу: тротуармен жүру, жылдамдықты асыру және жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп, қауіп төндіретін ретсіз тұрақ мәселелері сөз болды.

Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Ғалым Сарғұлов сервистер тарапынан кешенді тәсіл мен жауапкершіліктің қажеттігін атап өтті: пайдаланушыларды бақылауды күшейту, жаңа технологияларды енгізу және заң бұзушылықтың алдын алу.

«Сондай-ақ арнайы тұрақ аймақтарын ұйымдастыру және самокаттардың бей-берекет қойылуына жол бермеу мәселесі талқыланды. Көліктің техникалық жарамдылығы мен пайдаланушылардың ереже сақтауының маңыздылығы айтылды.

Ереже дөрекі бұзылған жағдайда самокаттар мен басқа да жеке қозғалыс құралдары айып тұрағына жөнелтіледі, ал заң бұзушылар жауапкершілікке тартылады», - деп атап өтті полициядан.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды күшейтуге және жолдардағы мәдениет пен қауіпсіздікті арттыру үшін түсіндірме жұмыстарын жалғастыруға уағдаласты.