Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Оңтүстік Корея соты экс-президенттің жаза мерзімін ұлғайтты

Оңтүстік Корея соты экс-президенттің жаза мерзімін ұлғайтты
Yonhap

Сәрсенбі күні апелляциялық сот Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль ісі бойынша үкімді қайта қарап, оған тағайындалған жаза мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұлғайтты. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.

Бұған дейін, 2026 жылдың қаңтарында бірінші инстанция соты экс-президентті 2024 жылдың желтоқсанында қысқа мерзімге әскери жағдай енгізуге байланысты бес жылға бас бостандығынан айырған еді. Ал прокуратура оған 10 жыл түрме жазасын сұраған болатын.

Апелляциялық соттың шешімімен Юн Сок Ёль тергеушілердің оны ұстауына кедергі келтіргені үшін кінәлі деп танылып, жаза қатаңдатылды.

Айта кетейік, ол 2025 жылдың шілдесінен бері қамауда отыр. Сол кезде экс-президент 2024 жылғы желтоқсандағы сәтсіз әскери жағдай енгізу әрекетіне қатысты айыптар бойынша қайта ұсталған. Қазіргі таңда оған қатысты сегіз бірдей іс қаралуда.

Сонымен қатар, негізгі іс аясында 2026 жылдың ақпанында сот оны әскери жағдай жариялау арқылы бүлік ұйымдастырды деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.