Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Алматы

Алматыда Сайран көлінің жағасынан Қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған қару табылды

Алматыда Сайран көлінің жағасынан Қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған қару табылды
Сурет: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі елдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шараларын күшейтіп жатыр. Соның ішінде заңсыз айналымдағы қаруды анықтау және тәркілеу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Polisia.kz жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ресми дерекке сүйенсек, жыл басынан бері 900-ден астам қару тәркіленген. Оның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 74 қару бар. Сонымен қатар төрт мыңнан астам оқ-дәрі айналымнан алынған.

27–29 сәуір аралығында республика көлемінде «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасының екінші кезеңі өтті. Үш күн ішінде құқық қорғау органдары 67 дана атыс қаруын және әртүрлі калибрдегі 200-ден астам оқ-дәріні тәркілеген.

Осы шаралар барысында 27 сәуір күні Алматы қаласында Сайран көлінің жағасынан қару-жарақ дүкенінен Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару табылған.

ІІМ азаматтарға заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсыру мүмкіндігін еске салды. Мұндай жағдайда тұлғалар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов тұрғындарды заңсыз қаруды тапсырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысуға шақырды.