Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Астана

Прокуратура Астанада көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің заңсыз салынғанын мәлімдеді

Прокуратура Астанада көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің заңсыз салынғанын мәлімдеді
Сурет: Астана әкімдігі

Астана қаласы «Нұра» ауданының прокуратурасы Сәулет басқармасы, «Астана Генплан» ЖШС және Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасымен (МСҚБ) бірлесіп, елордадағы заңсыз құрылыс нысандарын анықтау мақсатында қадағалау іс-шараларын жүргізді. Тексеріс нәтижесінде құрылыс алаңдарында бірнеше күрделі заң бұзушылықтар әшкереленді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Ш. Айтматов көшесі, 24/8 учаскесінің маңы: Мұнда жапсарлас үй-жайлары мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатқаны анықталды. Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары арнайы сараптаманың оң қорытындысынсыз және жұмыстардың басталғаны туралы ресми хабарламасыз жүргізілген», - деп хабарлады прокуратура.

Сондай-ақ, Ш. Айтматов пен Е164 көшелерінің қиылысында жапсарлас үй-жайлары, медициналық орталығы және паркингі бар тағы бір көппәтерлі тұрғын үй кешені бой көтерген. Бұл нысан мүлдем жер учаскесіне тиісті құқықсыз, жобалық-сметалық құжаттамасыз, сараптама қорытындысынсыз және құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарламасыз салынған.

Құрылыс салушылар прокуратура тарапынан жұмыстарды тоқтату туралы ресми хабарлама алса да, заң талаптарын елемей, құрылысты жалғастыра берген.

Елорда прокуратурасы сәулет және қала құрылысы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Қазіргі уақытта қала құрылысы саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты бақылауға алынған және құрылыс салушылардан белгіленген нормалар мен талаптарды қатаң сақтау талап етіледі.