Иран мен Израиль бір-біріне қарсы әскери әрекеттерді уақытша тоқтатқанын мәлімдеді. Tasnim агенттігінің хабарлауынша, Иран қарулы күштері Ливанға жасалған шабуылдарға жауап ретінде Израильге ауыр соққы бергенін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Иран тарапы әскери операциялардың тоқтатылғанын жариялағанымен, егер шабуылдар мен агрессия жалғасса, жауап бұрынғыдан да қатаң болатынын ескертті.
"Осы негізде әскери операциялардың тоқтатылғаны жарияланады. Алайда агрессия мен зұлымдық, соның ішінде Ливанның оңтүстігінде жалғасатын болса, бұрынғыдан да шешуші әрі жойқын әрекеттер жасалады", – делінген мәлімдемеде.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху да Иранға қарсы соққылардың әзірге тоқтатылғанын айтты. Дегенмен ол шабуылдар қайта басталса, Израиль Тегеран мен "Хезболлаға" жауап қайтаратынын ескертті.
"Бүгін Иран мен Хезболла бұрынғыдан әлсіз, ал біз бұрынғыдан күштіміз. Бірақ оларға қарсы күресіміз әлі аяқталған жоқ", – деді Нетаньяху видеоүндеуінде.
Сонымен қатар Израиль Қорғаныс армиясының тыл қолбасшылығы соңғы шиеленіске байланысты енгізілген шектеулердің алынғанын мәлімдеді. Осыдан кейін ел аумағында мектептердің жұмысы қайта жанданады.