Түрік басылымдары танымал "Клюквенный щербет" сериалында Ишил рөлін сомдаған актриса Эдже Иртемнің қайтыс болғанын хабарлады. Өнер иесі небәрі 35 жаста еді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, актриса таңертең өз үйінде жүрек талмасынан көз жұмған. Әзірге оның отбасы қайғылы жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Құзырлы органдар актрисаның өліміне байланысты мән-жайды анықтап жатыр.
Эдже Иртем көрерменге тек "Клюквенный щербет" сериалы арқылы ғана емес, "Семья", "Запретный плод", "Мистер Ошибка", "Новая невеста" телехикаялары және "Права на престол Абдулхамид" тарихи драмасы арқылы да таныс.
Дегенмен көпшілік үшін оның "Клюквенный щербет" сериалындағы Ишил бейнесі ерекше есте қалды. Дәл осы рөл актрисаның танымалдылығын арттырып, оны Түркиядан тыс елдердегі көрермендерге де кеңінен танытты.
