Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

БАӘ 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі қолдануға тыйым салды

БАӘ 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі қолдануға тыйым салды
shutterstock.com

Біріккен Араб Әмірліктері 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу қойды. Reuters агенттігінің мәліметінше, БАӘ мұндай қадамға барған алғашқы араб мемлекеті болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жаңа қаулыға сәйкес, 15 жасқа толмаған балалар әлеуметтік желіде жеке аккаунт аша алмайды, оны пайдалануына немесе басқаруына рұқсат берілмейді. Сондай-ақ олар жазба жариялап, пікір қалдыра алмайды, ақпарат бөлісуіне және ашық топтарға қосылуына тыйым салынады.

Ал 15 және 16 жастағы жасөспірімдер әлеуметтік желіні қолдана алады. Бірақ олар үшін қауіпсіздік талаптары күшейтіледі. Атап айтқанда, оларға жас ерекшелігіне сай контент қана көрсетіледі, бейтаныс адамдармен байланыс орнатуға шектеу қойылады. Сонымен бірге экран алдында өткізетін уақытты бақылау және ата-ана қадағалауы функциялары енгізіледі.

Бұл талаптар БАӘ аумағында жұмыс істейтін барлық әлеуметтік желі платформасына қатысты болады. Енді компаниялар пайдаланушылардың жасын нақты тексеретін жүйе орнатуға міндетті. Ол үшін цифрлық сәйкестендіру мен жасанды интеллект технологиялары қолданылады. Осылайша балалардың жасын жалған көрсетуіне жол берілмейді.

Сонымен қатар платформалар 15 жасқа толмаған балалар ашқан аккаунттарды бұғаттауы керек. Жасты тексеру жүйесін айналып өту әрекеттеріне тосқауыл қойылып, балалардың жеке деректерін жарнама мақсатында пайдалануға тыйым салынады.

Әлеуметтік желі компанияларына жаңа талаптарға бейімделу үшін 12 айға дейін уақыт беріледі.