Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Қыжыл деп жүре берген: Дәрігерлердің бір ғана қателігі жас мұғалімді мүгедек етті

Қыжыл деп жүре берген: Дәрігерлердің бір ғана қателігі жас мұғалімді мүгедек етті
Sorrasak Jar Tinyo / Getty Images

Ұлыбританияда 32 жастағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Виктория Родуэлл дәрігерлерге бір жыл бойы шағымданғанымен, қатерлі ісік дер кезінде анықталмаған. Салауатты өмір салтын ұстанған әйел тамағындағы ауырсыну мен жұтыну кезіндегі жайсыздыққа байланысты бірнеше рет медициналық көмекке жүгінген. Алайда мамандар оған толық тексеріс жүргізбей, қыжылға қарсы дәрі мен антидепрессант жазып берген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Mirror басылымының жазуынша, Викторияның алғашқы белгілері 2024 жылдың қыркүйегінде басталған. Ол тамақ ішкен сайын астың тамағында тұрып қалғандай әсер қалдыратынын айтқан. Бұл жағдай оның тәбетінің төмендеуіне және салмақ жоғалтуына әсер еткен.

Уақыт өте келе әйелдің жағдайы нашарлай түскен. Тамағындағы ауырсыну күшейіп, күнделікті өміріне кедергі келтіре бастаған. Бірақ ол дәрігерлерге қанша рет қаралса да, мамандар оның шағымын асқазан қышқылы мен қыжылға балап, нақты диагноз қоюға асықпаған.

Тек 2026 жылдың қаңтарында Виктория тұншығып қала жаздағаннан кейін ғана толық тексеруден өткен. Сол кезде оған өңеш қатерлі ісігінің төртінші сатысы деген диагноз қойылды. Ауру асқынып кеткендіктен, дәрігерлер оны жазылмайтын дерт деп таныған.

Қазір Виктория 12 курс химиотерапия қабылдауы керек. Сонымен қатар ол стероидтар, түрлі дәрі-дәрмек қабылдап, инъекция жасатуға мәжбүр. Емнің салдарынан оның қолы ұйып, мұрнынан қан кетіп, денесі қалтырап, күн сайын әлсіздік сезінеді.

"Егер ауру алғашқы шағымым кезінде анықталғанда, қазір әр күнім соңғы күнім болып қала ма деп қорықпас едім. Мен енді балалы бола алмаймын, қалыпты өмір сүру мүмкіндігім де қалмады. Бұрын спортпен айналысатын, дені сау, темекі тартпайтын адам едім. Қазір әлсізбін, жұмыс істей алмаймын және өз-өзіме тұйықталып қалдым", – деді Виктория Родуэлл.