Жастардың бойына отансүйгіштік рухты сіңіру, әскери қызметтің беделін арттыру және ұлттық қауіпсіздікті нығайту – бүгінде мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Бұл міндеттер жаңа Конституциядағы құндылықтармен де, Президент бастамашылық етіп отырған реформалармен де тығыз сабақтас.
Президенттің жастар саясаты, әскери-патриоттық тәрбие және Қарулы күштерді жаңғырту бағытындағы бастамаларының мәні неде? Жаңа Конституция жастардың азаматтық жауапкершілігін қалай күшейтеді? Әскери қызметтің қоғамдағы рөлі қандай өзгеріске ұшырайды? Осы және өзге де сауалдарға Мәжіліс депутаты Олжас Құспек жауап берді.
- Президент өз сөзінде жаңа Конституцияны жастардың игілігі үшін қабылданған тарихи құжат деп атады. Бұл құжат жастардың азаматтық жауапкершілігі мен патриоттық санасын қалыптастыруда қандай нақты өзгерістерге жол ашады?
- Президент жаңа Конституцияны жастардың игілігі үшін қабылданған тарихи құжат деп атауының бірнеше нақты негізі бар.
Біріншіден, жаңа Конституция жастардың азаматтық жауапкершілігін күшейтті. Онда халық мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі ретінде бекітіліп, Конституция бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Бұл жастардың ел тағдырына бейжай қарамай, қоғамдық-саяси процестерге белсенді қатысуының маңызын айқындайды.
Екіншіден, жаңа Конституцияда ұлттық тарих пен тарихи жадыға ерекше мән берілді. Алғаш рет Конституцияның преамбуласында «Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтай отырып» деген қағида бекітілді. Бұл - тарихи сананы нығайтып, жастардың ұлттық болмысын, ел тарихына деген құрметін және отаншылдық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Сонымен қатар Конституцияның 3-бабында тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалды. Ал 40-бапта әрбір азаматтың тарихи және мәдени мұраны сақтауға, тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауға міндетті екені бекітілді. Бұл жастардың өз елінің тарихы мен мәдени мұрасына жауапкершілікпен қарауын құқықтық деңгейде бекітеді.
Үшіншіден, Конституция білім, ғылым және инновацияны мемлекеттің басым бағыты ретінде айқындап, зияткерлік меншік құқығын конституциялық деңгейде қорғауды бекітті. Бұл жас ғалымдардың, өнертапқыштардың және шығармашыл жастардың әлеуетін дамытуға берік құқықтық негіз қалыптастырады.
Сондықтан жаңа Конституция жастардың құқықтарын қорғап қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін, тарихи санасын, патриоттық құндылықтарын және елдің дамуына белсенді қатысуын қамтамасыз ететін берік құқықтық әрі идеологиялық негізге айналды.
- Мемлекет басшысы әскери-патриоттық тәрбиені елдің стратегиялық қауіпсіздігімен тікелей байланыстырды. Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін мұндай бағыттың маңызы қаншалықты артты?
- Иә, қазіргі геосаяси жағдайда бұл бағыттың маңызы айтарлықтай артты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бүгінгі әлемде әскери қақтығыстардың күшеюі, санкциялық текетірестер мен жаһандық тұрақсыздық жағдайында елдің қауіпсіздігі тек заманауи қару-жарақпен немесе кәсіби армиямен ғана қамтамасыз етілмейді. Ол, ең алдымен, өз елінің тағдырына жауапкершілікпен қарайтын, ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоятын азаматтарға байланысты.
Осындай жағдайда елдің қауіпсіздігі тек Қарулы Күштердің әлеуетіне ғана емес, қоғамның, әсіресе жастардың патриоттық санасына тікелей байланысты. Сондықтан Мемлекет басшысы стратегиялық маңызды міндет ретінде Тәуелсіздік, Егемендік, аумақтық тұтастық, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтары сияқты негізгі құндылықтарды жүрегімен қабылдайтын жастарды тәрбиелеу қажеттігін айтты. Өйткені осы құндылықтарды түсінетін әрі қорғай алатын азаматтар ғана мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің сенімді тірегі бола алады.
Осы мақсатта әскери қызметтің де мазмұны өзгеріп келеді. Президенттің айтуынша, әскер тек Отанды қорғайтын институт емес, шынайы патриоттарды тәрбиелейтін басты мектепке айналуы тиіс. Сол себепті «Адал азамат - Сарбаз - Отан қорғаушы» қағидаты енгізіліп, әскерге шақыру, ант қабылдау және қызметтен босату рәсімдері жаңа форматта өтетін болды. Бұл әскери қызметтің мәртебесін көтеріп қана қоймай, жастардың Отан алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, армияның қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған.
Яғни бүгінгі жағдайда әскери-патриоттық тәрбие - ұлттық қауіпсіздіктің, қоғамдық тұрақтылықтың және мемлекеттілікті сақтаудың маңызды стратегиялық құралы.
- Президент Қарулы күштерге цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізіліп жатқанын айтты. Бұл қадам әскери білім беру жүйесі мен болашақ офицерлерді даярлау сапасына қалай әсер етеді?
- Президенттің Қарулы күштерге цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізу туралы бастамасы әскери білім беру жүйесін жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған. Қазіргі заманның офицері тек әскери тактиканы меңгерген маман емес, күрделі технологиялық жүйелермен жұмыс істей алатын, ақпаратты талдап, жедел әрі дәл шешім қабылдайтын көшбасшы болуы қажет. Сондықтан әскери оқу орындарының бағдарламалары да осы талаптарға бейімделіп, цифрлық сауаттылық, жасанды интеллект және заманауи басқару технологиялары офицерлерді даярлаудың ажырамас бөлігіне айналып келеді.
Бұл өзгерістер тек білім беру мазмұнымен шектелмейді. Бүгінде Қарулы күштерде жасанды интеллект элементтері бар интеллектуалды бейнеаналитика жүйелері енгізіліп жатыр. Олар әскери бөлімдердегі жағдайды тәулік бойы бақылап, қауіпсіздікке қатер төндіретін жағдайларды немесе құқық бұзушылықтарды ерте анықтап, жауапты тұлғаларға жедел хабар береді. «Напарник», «Пирамида», «Жауынгерлік дос» сияқты цифрлық жүйелер, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу алгоритмдері әскери қызметтің қауіпсіздігін күшейтіп, тәртіпті жаңа деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар әскери қызметшілердің психологиялық жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіледі, әскери психологтар жұмыс істейді, ата-аналармен кері байланыс күшейтілген, ал QR-код арқылы өтініш беру жүйесі әскери қызметшілердің құқықтарын қорғаудың қосымша тетігіне айналды. Бұл цифрландырудың мақсаты тек технология енгізу емес, әскери ортада қауіпсіз, ашық әрі әділетті жүйе қалыптастыру екенін көрсетеді.
Сондықтан Президент айтып отырған жаңғырту болашақ офицерлерді даярлау сапасына тікелей әсер етеді. Олар әскери біліммен қатар цифрлық технологияларды меңгерген, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді қолдана алатын, жеке құрамның қауіпсіздігі мен моральдық-психологиялық ахуалына жауап бере алатын заманауи әскери көшбасшылар ретінде қалыптасады. Бұл өз кезегінде Қарулы күштердің кәсібилігін арттырып, қазіргі қауіп-қатерлерге жедел бейімделе алатын тиімді армия құруға мүмкіндік береді.
- «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» қағидаты аясында әскерге шақыру, ант қабылдау және қызметтен босату рәсімдері жаңа форматта өтетін болды. Мұндай символдық өзгерістер жастардың әскери қызметке деген көзқарасын өзгерте ала ма?
- Иә, мұндай өзгерістер жастардың әскери қызметке деген көзқарасын айтарлықтай өзгерте алады деп есептеймін. Себебі бұл жерде мәселе тек рәсімнің форматын өзгертуде емес, әскери қызметтің қоғамдағы мәртебесін қайта бағалауда болып отыр.
Президент ұсынған «Адал азамат - Сарбаз - Отан қорғаушы» қағидаты әскери қызметті азаматтың өміріндегі маңызды құндылықтардың бірі ретінде қалыптастыруға бағытталған. Бұдан былай әскерге шақыру, әскери ант қабылдау және қызметтен босату рәсімдері мемлекеттік протокол талаптарына сай ерекше салтанатпен өтеді. Мұндай есте қаларлық рәсімдер әскери қызметтің мәні мен маңызын арттырып қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады, әскери дәстүрлердің үзілмеуіне ықпал етеді.
Ең бастысы, бұл бастама қоғамдағы көзқарасты өзгертуді көздейді. Әскери борышын өтеу тек конституциялық міндет ретінде емес, елге қызмет етудің абыройлы кезеңі ретінде қабылдануы тиіс.
- Президент әскери қызметті тек Отан қорғау емес, қоғамның барлық саласына үлес қоса алатын жан-жақты тұлға қалыптастырудың мектебі ретінде сипаттады. Бұл көзқарас әскери қызметтің қоғамдағы рөлін қалай өзгертеді?
- Бұрын әскер мемлекеттің қорғаныс институты ретінде қабылданса, енді ол елдің барлық саласына үлес қоса алатын азаматтарды тәрбиелейтін маңызды әлеуметтік институтқа айналмақ.
Мемлекет басшысы қазіргі әскери қызметші тек қару қолдануды меңгерген маман емес, жан-жақты дамыған, жауапкершілігі жоғары, білімді әрі көшбасшылық қасиеті қалыптасқан тұлға болуы керек екенін айтты. Бұл қазіргі заман талабынан туындайды. Өйткені бүгінгі қауіпсіздік тек әскери дайындықпен өлшенбейді, ол технологияны меңгеру, жедел шешім қабылдау, адамдармен жұмыс істеу және қоғам алдындағы жауапкершілік сияқты қасиеттерді де талап етеді.
Сондықтан әскери қызмет бүгінде кәсіби және тұлғалық даму мектебіне айналып келеді. Әскерде қалыптасатын тәртіп, жауапкершілік, ұйымдастырушылық қабілеті, шұғыл шешім қабылдау, командамен жұмыс істеу дағдылары кейін азаматтық өмірде де үлкен артықшылық береді. Бұл қасиеттер мемлекеттік қызметте, бизнесте, өндірісте, білім беру мен қоғамдық қызметте де жоғары бағаланады.
Оған қоса мемлекет әскери қызметтің әлеуметтік тартымдылығын да күшейтіп келеді. Бүгінде мерзімді әскери қызметін өтеген жастар жоғары оқу орындарында білім алуға жеңілдіктерге ие болып, бірқатар мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана алады. Бұл әскери қызметтің тек конституциялық міндет емес, адамның кәсіби және жеке дамуына инвестиция екенін көрсетеді.
Сондықтан Президент айтып отырған жаңа модельде әскери қызметтің басты миссиясы - заңға құрметпен қарайтын, ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын, кез келген салада қоғамның дамуына үлес қоса алатын саналы әрі бәсекеге қабілетті азаматтарды қалыптастыру. Мұндай көзқарас армияның қоғамдағы беделін арттырып қана қоймай, оны адам капиталын дамытатын маңызды мемлекеттік институт ретінде жаңа деңгейге көтереді.
- «Айбын» жиынына Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген жастар қатысты. Мұндай халықаралық әскери-патриоттық жобалар өңірлік сенім мен гуманитарлық байланыстарды нығайтуда қаншалықты тиімді құрал бола алады?
- «Айбын» сияқты халықаралық әскери-патриоттық жобалар өңірлік сенім мен гуманитарлық байланыстарды нығайтудың тиімді құралы екені сөзсіз. Өйткені мұндай алаңдарда жастар бір-бірінің мәдениетін, тарихын және құндылықтарын жақынырақ таниды. Болашақтағы мемлекетаралық сенімнің негізі дәл осындай жастар арасындағы қарым-қатынастан қалыптасады.
Сонымен қатар «Айбын» әскери жарыс қана емес, мәдени диалог алаңы. Қатысушылар ұлттық дәстүрлерін, өнері мен мәдениетін таныстырады, бұл халықтардың бір-біріне деген қызығушылығын арттырып, ортақ тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді. Ал әскери робототехника, IT, интеллектуалдық жарыстар сияқты бағыттар жастардың кәсіби тәжірибе алмасуына жол ашып, заманауи технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Сондықтан мұндай жобалардың стратегиялық маңызы тек әскери-патриоттық тәрбиемен шектелмейді. Олар өзара сенім қалыптастырып, жастар дипломатиясын дамытады, гуманитарлық ықпалдастықты күшейтеді және болашақта мемлекеттер арасындағы тұрақты әрі сындарлы әріптестіктің берік іргетасын қалайды.
- Президент жастарды елдің реформалары мен стратегиялық даму бағытын жүзеге асыратын негізгі күш ретінде атады. Патриоттық тәрбие, құқықтық мәдениет және әскери дайындық осы мақсатқа жетуде өзара қалай тоғысуы тиіс?
- Менің ойымша, патриоттық тәрбие, құқықтық мәдениет және әскери дайындық бір-бірін толықтыратын құндылықтар. Патриоттық тәрбие - елге деген сүйіспеншілікті қалыптастырса, құқықтық мәдениет - заңды құрметтеуге үйретеді, ал әскери дайындық – тәртіп, жауапкершілік және Отанды қорғауға дайын болуды нығайтады.
Президент айтқан реформалардың табысты болуы да осы қасиеттерге байланысты. Өз елінің тарихын құрметтейтін, Конституцияны қадірлейтін, жауапкершілігі жоғары жастар ғана Қазақстанның стратегиялық дамуына нақты үлес қоса алады. Сондықтан бұл үш бағыт қатар дамығанда ғана саналы әрі бәсекеге қабілетті азамат қалыптасады.