Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Қазақстанда 3 миллионнан астам адам МӘМС жүйесінен тыс қалған: қорға триллиондаған теңге түскенімен, мәселе шешілмеген

Қазақстанда 3 миллионнан астам адам МӘМС жүйесінен тыс қалған: қорға триллиондаған теңге түскенімен, мәселе шешілмеген
Сурет: Bas.media

Жоғары аудиторлық палата 2025 жылғы республикалық бюджеттің орындалуын тексеру барысында бюджеттен тыс қорлардың жұмысына да талдау жүргізді. Соның ішінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (МӘМС) қатысты бірқатар маңызды мәселе анықталды, деп хабарлайды Arasha.kz, Bes.media сайтына  сілтеме қалдыра отырып.

Аудиторлардың мәліметінше, жүйеге құйылатын қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Алайда мемлекет жеңілдік санатындағы азаматтар үшін жарналарды толық көлемде аудармай отыр. Соның салдарынан 3 миллионнан астам қазақстандық медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалған. Ал қор жетіспейтін қаржыны өз активтері есебінен жабуға мәжбүр.

Аудиторлар қандай мәселелерді анықтады?

Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына сәйкес, 2025 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің бюджеті 2,55 триллион теңгені құраған. Оның 2,27 триллион теңгесі, яғни министрлік бюджетінің шамамен 90 пайызы МӘМС қорына аударылған.

Жыл қорытындысында министрлік 125,1 миллиард теңгені игермей қалған. Бұған республикалық бюджеттегі қаражат тапшылығы салдарынан мемлекет тарапынан жеңілдік санатындағы азаматтар үшін төленетін МӘМС жарналарының толық аударылмауы себеп болған.

Бұл жағдай кредиторлық берешектің өсуіне де әсер еткен. Аудиторлар үшінші жыл қатарынан салық түсімдерінің жеткіліксіздігі республикалық бюджеттегі қаржы тапшылығына алып келіп отырғанын атап өтті.

Нәтижесінде 2025 жылы жалпы 243,6 миллиард теңге игерілмеген. Оның ең ірі бөлігі – жарна төлеуден босатылған азаматтар үшін мемлекет аударуы тиіс болған 124,5 миллиард теңге.

Мемлекеттің қорға берешегі қанша?

Қордың өз дерегіне сәйкес, мемлекет тарапынан МӘМС қорына 2024 жылдың қорытындысы бойынша 212,4 миллиард теңге, ал 2025 жылы 124,5 миллиард теңге көлемінде қарыз қалыптасқан.

2024 жылы мемлекет төлем міндеттемесінің небәрі 57,3 пайызын орындаған. Яғни жарналар тек қаңтар-маусым айлары және шілденің бір бөлігі үшін ғана төленген. 2025 жылы бұл көрсеткіш 74,8 пайызға жеткенімен, жарналар тек қаңтар-шілде және тамыздың бір бөлігі үшін аударылған.

Аудиторлардың айтуынша, жетіспейтін қаржыны қор өз резервінен жабады. Бұл қордың қаржылық тұрақтылығына және халық алдындағы міндеттемелерін орындау мүмкіндігіне кері әсер етеді.

Жеңілдік санатындағы азаматтарға бөлінетін қаржы азайтылған

Заң бойынша мемлекет төлейтін жарналар орташа айлық жалақы мөлшеріне қарай есептелуі тиіс. 2026-2028 жылдарға арналған бұл көрсеткіш - 434 982 теңге.

Алайда Қаржы министрлігі есептеуде медианалық жалақыны негізге алып отыр. Оның көлемі - 285 677 теңге. Аудиторлар мұндай тәсіл жеңілдік санатындағы азаматтарды қаржыландыру көлемін айтарлықтай азайтып отырғанын айтты.

Медициналық қызметтерге қосарланған төлемдер анықталған

Мемлекеттік аудит барысында медициналық қызметтерді қаржыландыруда заңбұзушылықтар анықталған.

2022-2023 жылдары стационарлық емдеу қызметтері үшін бір қызметке екі рет төлем жасалған. Яғни бір қызмет әрі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК), әрі ақылы қызмет ретінде қаржыландырылған.

Осының салдарынан мемлекетке келген шығын көлемі 4,2 миллиард теңгені құраған.

Сонымен қатар амбулаториялық-емханалық қызмет көлемі 28 миллиард теңгеге негізсіз ұлғайтылғаны белгілі болды.

Бұл деректер құқық қорғау органдарына әкімшілік іс қозғау үшін жолданған.

Қаржы мақсатсыз жұмсалған

Ұлттық жобалар аясында медициналық ұйымдарды жабдықтауға бөлінген 1,3 миллиард теңге МӘМС қоры арқылы медициналық қызметтерге төленген.

Алайда мұндай қаражат медициналық құрал-жабдық сатып алуға арналуы тиіс болған. Сондықтан аудиторлар мұны бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану деп бағалады.

Қор арқылы қанша ақша өтеді?

Жоғары аудиторлық палата мәліметінше, 2020-2025 жылдар аралығында МӘМС қорына жалпы 18,8 триллион теңге түскен.

Оның ішінде:

• 8,7 триллион теңге - республикалық бюджеттен;
• 10,1 триллион теңге - бюджеттен тыс түсімдер.

2025 жылы қорға 1,85 триллион теңге түскен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 110,8 миллиард теңгеге көп.

Негізгі қаражат жұмыс берушілер мен жүйеге қатысушылардан түседі.

2025 жылғы көрсеткіш:

• жұмыс берушілер аударымы - 564,7 млрд теңге;
• азаматтардың жарналары - 457,3 млрд теңге;
• мемлекет жарнасы - 429,4 млрд теңге.

Бұдан бөлек, медициналық ұйымдарға салынған айыппұлдар мен тексерістер нәтижесінде қайтарылған қаражат көлемі 6,6 миллиард теңгені құраған.

3 миллионнан астам адам жүйеден тыс қалған

Қаржыландыру көлемі артқанымен, халықты қамту мәселесі шешілмеген.

Жоспарлы көрсеткіштер бірнеше жыл қатарынан орындалмай келеді:

• 2021 жыл – 82,61% (жоспар 86%);
• 2022 жыл – 82,4% (жоспар 87%);
• 2023 жыл – 87,4% (жоспар 88%);
• 2024 жыл – 87,8% (жоспар 89%).

Осының нәтижесінде Қазақстанда 3 миллионнан астам адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.

Ақша қайда жұмсалады?

Қор шығындарының негізгі бөлігі медициналық қызметтерді төлеуге жұмсалған.

2025 жылы:

• 1,2 триллион теңге медициналық қызметтерге кеткен;
• 646 миллиард теңге инвестициялық шоттарға аударылған.

Ал қор активтерін басқарудан түскен комиссия көлемі 18,1 миллиард теңгені құраған.

Аудиторлардың қорытындысы

Жоғары аудиторлық палата МӘМС қорының қызметінде ашықтық мәселесі бар екенін атап өтті.

Мамандардың айтуынша, елде нақты қанша бюджеттен тыс қор жұмыс істейтіні туралы мемлекеттік органдарда толық әрі нақты ақпарат жоқ.

Сондай-ақ мұндай қорлар арқылы өтетін қаражаттың жұмсалу тиімділігін бағалау қиын. Себебі қаржы қозғалысы жеткілікті деңгейде ашық көрсетілмейді.

Неліктен бұл маңызды?

МӘМС қоры - Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыратын негізгі құрылым. Емханадағы қабылдау, анализдер, операциялар, ауруханадағы ем - барлығы осы қор арқылы төленеді.

Сондықтан қор жұмысының тиімділігі әр азаматқа тікелей әсер етеді.

Әсіресе қор қаражаты тек мемлекеттен ғана емес, ай сайын жарна төлейтін қарапайым азаматтар мен жұмыс берушілер есебінен де қалыптасатынын ескерсек, қаржының қалай жұмсалып жатқаны қоғам үшін аса маңызды мәселе.

Соңғы жылдары қор жұмысына қатысты сұрақтар жиілеп кетті. Бұған дейін жалған медициналық қызмет көрсету, жалған тіркеулер, қайтыс болған адамдардың атына рәсімделген қабылдаулар және миллиардтаған теңгенің жымқырылуы туралы деректер жарияланған болатын.

Осы себепті МӘМС жүйесіне тұрақты аудит жүргізу - халық қаржысының қаншалықты тиімді әрі ашық жұмсалып жатқанын түсінудің басты жолы.