Қазақстанда 2026 жылдың I тоқсанында халықтың жан басына шаққандағы орташа номиналды ақшалай табысы 252 619 теңгені құрады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8 пайызға жоғары, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, былтыр I тоқсанда бұл көрсеткіш 225 910 теңге болған. Алайда инфляция әсерін ескергенде, халықтың нақты ақшалай табысы небәрі 0,1 пайызға ғана өскен. Яғни номиналды табыс артқанымен, баға өсімі оның әсерін айтарлықтай төмендеткен.
Өңірлер арасында ең жоғары жан басына шаққандағы номиналды табыс Алматы қаласында тіркелді. Мұнда орташа көрсеткіш 408 182 теңгені құрады. Екінші орында Ұлытау облысы – 353 036 теңге. Үздік үштікті Астана қаласы түйіндейді, елордада жан басына шаққандағы орташа табыс 352 811 теңге болды.
Жоғары табыс көрсеткіші тіркелген өңірлер қатарында Атырау облысы да бар. Мұнда жан басына шаққандағы номиналды табыс 323 716 теңгені құрады. Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш 288 891 теңге, Павлодар облысында 283 989 теңге, Шығыс Қазақстан облысында 282 581 теңге болды.
Ал ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында тіркелді. Бұл өңірде жан басына шаққандағы орташа номиналды табыс 143 409 теңгені құрады. Шымкент қаласында көрсеткіш 160 951 теңге, Жамбыл облысында 166 768 теңге, Жетісу облысында 173 876 теңге, Қызылорда облысында 178 795 теңге болды.
Аймақтар арасындағы айырмашылық айтарлықтай. Мәселен, Алматы қаласындағы орташа табыс Түркістан облысындағы көрсеткіштен шамамен 2,8 есе жоғары.
Номиналды табыстың ең жоғары өсімі Алматы облысында байқалды. Бұл өңірде көрсеткіш бір жылда 19,1 пайызға артқан. Қарағанды облысында өсім 16,4 пайыз, Алматы қаласында 15,1 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында 14,7 пайыз, Ақтөбе облысында 14 пайыз болды.
Дегенмен нақты табыс өсімі барлық өңірде бірдей байқалған жоқ. Инфляцияны ескергенде, Алматы облысында нақты табыс 6,3 пайызға, Қарағанды облысында 4,5 пайызға, Алматы қаласында 3,4 пайызға, Шығыс Қазақстан облысында 2,8 пайызға өскен.
Ал кейбір өңірлерде халықтың нақты табысы керісінше төмендеген. Ең айқын төмендеу Атырау облысында байқалды: мұнда нақты табыс 2025 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда 8,3 пайызға азайған. Солтүстік Қазақстан облысында төмендеу 7,1 пайыз, Шымкентте 3,9 пайыз, Жамбыл облысында 3,4 пайыз, Маңғыстау облысында 2,9 пайыз болды.
Статистикаға сәйкес, ел бойынша номиналды табыс өскенімен, нақты табыстың бар болғаны 0,1 пайызға артуы халықтың кірісіндегі өсімді инфляция толық дерлік «жеп қойғанын» көрсетеді.
Айта кетейік, бұл – алдын ала деректер. Мәліметтер кейін нақтылануы мүмкін.