Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Илон Маск: Украинадағы соғысты тоқтату үшін Ресейге белгілі бір деңгейде жеңілдік жасау қажет

Илон Маск: Украинадағы соғысты тоқтату үшін Ресейге белгілі бір деңгейде жеңілдік жасау қажет
сурет ашық дереккөзден алынған

Америкалық кәсіпкер Илон Маск Украинадағы соғысты тоқтату үшін Ресейге белгілі бір деңгейде жеңілдік жасау қажет деп есептейді. Бұл туралы ол The Economist басылымының бас редакторы Зэнни Минтон Беддоумен сұхбатында айтты,, деп хабарлайды Arasha.kznews.mail.ru-ға сілтеме жасай отырып.

Масктың айтуынша, қазіргі таңда көпшілік шынайы жағдайды емес, өз қалауындағы нәтижені айтып жүр. Оның пікірінше, «Ресей толықтай шегінуі керек» деген талаптар қазіргі ахуалмен сәйкес келмейді.

«Мен бейбітшілікті бұрыннан қолдап келемін. Бірнеше жыл бұрын-ақ Ресейге белгілі бір деңгейде жеңілдік жасау қажет екенін айтқанмын. Бұл менің Ресейді қолдайтынымды білдірмейді. Мен тек шынайы жағдайға сүйеніп айтып отырмын. Әйтпесе адамдар ешқандай нәтиже шықпай, жылдар бойы қаза таба береді. Өкінішке қарай, дәл солай болды», - деді кәсіпкер.

Сондай-ақ ол соғыс тағы бірнеше жылға созылмауы үшін тараптар прагматикалық ұстаным танытуы қажет екенін айтты.

Маск дипломаттардың әрекетін де сынға алды. Оның сөзінше, сән-салтанатта өмір сүріп, қауіпсіз жерде отырып соғыс туралы мәлімдеме жасайтын саясаткерлердің ұстанымы түсініксіз.

«Адамдар майданда қаза тауып жатқанда, сәнді орындарда жеті түрлі тағамнан тұратын кешкі ас ішіп отырып, Ресей міндетті түрде шегінуі керек деп мәлімдейтін дипломаттар мені қатты ашуландырады. Бірақ олардың өздері Ресейге баруға дайын емес», - деді ол.

Кәсіпкер жақын арада бейбіт келісімге қол жеткізіледі деген үмітін де білдірді.

Айта кетейік, Илон Маск бұған дейін де халықаралық саясатқа қатысты пікірлерімен жиі назарға ілінген. Жақында ол Франциядағы 2027 жылғы президент сайлауы қарсаңында саясаткер Марин Ле Пенді елдің «соңғы үміті» деп атаған болатын.