Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

АҚШ Қазақстан мен Ресейден келетін тауарларға жаңа баж салығын енгізді

АҚШ Қазақстан мен Ресейден келетін тауарларға жаңа баж салығын енгізді
Chip Somodevilla / Getty Images

АҚШ Қазақстан мен Ресейден импортталатын тауарларға 12,5 пайыз көлемінде кедендік баж салығын енгізді. Тиісті жарлыққа АҚШ президенті Дональд Трамп қол қойды, деп хабарлайды Arasha.kz, Rbc.ru басылымына сілтеме жасап.

Жаңа тарифтер 24 шілдеден бастап күшіне енді. Олар жалпы саны 60 елден әкелінетін тауарларға қатысты қолданылады. Тізімге Қазақстан мен Ресейден бөлек, Ұлыбритания, Жапония және Еуропалық одақ елдері де енгізілген.

АҚШ билігінің мәліметінше, бұл мемлекеттер мәжбүрлі еңбекпен өндірілген өнімдердің импортына тыйым салу талаптарының орындалуын жеткілікті деңгейде қамтамасыз етпеген. АҚШ Сауда өкілі кеңсесінің ресми құжатында:

«54 мемлекет мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарлардың импортына тыйым салуды енгізіп, оның орындалуын тиімді қамтамасыз ете алмады», - делінген.

Сонымен қатар жолда келе жатқан жүктер үшін өтпелі кезең қарастырылған. Олар 28 шілдеге дейін жаңа талаптардан босатылады.

Жалпы АҚШ жаңа сауда саясаты аясында 60 негізгі сауда серіктесіне қатысты 10-12,5 пайыз аралығындағы кедендік баж салығын енгізіп отыр. Бұл шара 2026 жылдың ақпанында енгізілген уақытша 10 пайыздық жаһандық тарифтің орнына қабылданды.

Еске салайық, аталған уақытша баж салығы АҚШ Жоғарғы соты 2025 жылғы сәуірде енгізілген сауда тарифтерінің күшін жойғаннан кейін 150 күн мерзімге бекітілген болатын. Оның мерзімі аяқталуына байланысты Ақ үй енді жаңа құқықтық негізге сүйенген мақсатты кедендік баж салығын қолданысқа енгізіп отыр.