Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

Қазақстанға Иордания королі мен Тәжікстан президенті ресми сапармен келеді

Қазақстанға Иордания королі мен Тәжікстан президенті ресми сапармен келеді
Фото: Ақорда

5-7 қараша аралығында Астанада жоғары деңгейдегі халықаралық кездесулер өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Иордания королі II Абдалла бен әл-Хусейн мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ресми сапармен келеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы Мемлекет басшысының кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.

Иордания королі Қазақстанға келеді

5-6 қараша күндері Иордан Хашимит Корольдігінің королі II Абдалла бен әл-Хусейн Қазақстанда ресми сапармен болады. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаевпен жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізу жоспарланған.

Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, өзара инвестиция тарту және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылайды.

Эмомали Рахмон да Астанаға сапар жасайды

5-7 қараша аралығында Қазақстанға Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келеді.

Ресми келіссөздер барысында екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту мәселелері қаралады. Мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың негізгі бағыттарын талқылайды деп жоспарланған.

Сонымен қатар 6 қарашада елордада Ақаба процесінің саммиті ұйымдастырылады. Халықаралық жиынға бірқатар мемлекеттің басшылары қатысады.

Ақаба процесі – 2015 жылы Иордания королі II Абдалланың бастамасымен құрылған халықаралық алаң. Оның негізгі мақсаты – терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі мемлекетаралық ынтымақтастықты күшейту.

Астанадағы кездесуде халықаралық қауіпсіздік мәселелері, соның ішінде жаңа технологиялардан туындайтын қатерлерге қарсы бірлескен іс-қимыл бағыттары талқыланады. Алдағы үш күнде Қазақстан астанасы маңызды дипломатиялық кездесулер өтетін алаңға айналмақ.

Бөлісу