Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

Тоқаев Жоғары Сот Кеңесінің аппарат басшысын қызметінен босатты

Тоқаев Жоғары Сот Кеңесінің аппарат басшысын қызметінен босатты
Дәурен Мұратбеков. Фото: ҚР Жоғары сот кеңесінің сайты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Дәурен Мұратбеков Жоғары Сот Кеңесінің хатшысы – аппарат басшысы қызметінен босатылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекет басшысының тиісті өкімі туралы ақпарат 3 қарашада жарияланды.

"Мемлекет басшысының өкімімен Дәурен Болатұлы Мұратбеков Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің хатшысы – аппарат басшысы лауазымынан босатылды", – делінген Ақорданың ресми хабарламасында.

Қызметтен босатудың себебі нақтыланбаған. Оның орнына кім тағайындалатыны жөнінде де әзірге ақпарат берілген жоқ.

Дәурен Мұратбеков кім?

Дәурен Болатұлы Мұратбеков 1984 жылғы 13 маусымда дүниеге келген.

2006 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін "Халықаралық құқық" мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал 2008 жылы А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде "Қаржы" мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2006 жылы Қазақстанның Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде бастаған. Алғашында іс қағаздарын жүргізу жөніндегі инспектор қызметін атқарып, кейін жетекші маман, бас маман, сарапшы және бас сарапшы лауазымдарында жұмыс істеген.

2011 жылы Экономикалық даму және сауда министрлігінде басқарма бастығы қызметіне тағайындалды.

Кейін "Ұлттық инновациялық қор" акционерлік қоғамында және "Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттікте" басшылық лауазымдар атқарды.

2014 жылдың қазан айынан бастап Дәурен Мұратбеков Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментін басқарған.

2016-2018 жылдары негізгі қызметімен қатар аталған министрліктің Әдеп жөніндегі уәкілі міндетін атқарған.

2018 жылғы қазанда Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқықтық бөлімінде сектор меңгерушісі болып тағайындалды.

2023 жылдың қараша айынан бастап Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметінде болды.

Ал 2024 жылғы 9 ақпанда Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің хатшысы – аппарат басшысы лауазымына тағайындалған.