Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

Жолдаудағы стратегиялық бастамалар құжат күйінде қалмауы керек – Нұркен Айтымбетов

Жолдаудағы стратегиялық бастамалар құжат күйінде қалмауы керек – Нұркен Айтымбетов
Жеке архив

Мемлекет басшысының кешегі Жолдауы елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындау, мемлекеттік басқаруды жаңғырту және халықаралық тұрақсыздық жағдайында ұлттық мүддені қорғау міндеттерін алға қойды. Осы мәселелерге пікір білдірген Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері, саясаттанушы Нұркен Айтымбетов стратегиялық жоспар нақты шешімдер мен нәтижелерге ұласуы қажет екенін айтты.

Сарапшы талдауды елдің болашақтағы даму моделін айқындау мәселесінен бастады.

«Қазақстанның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – алдағы 10-20 жылда қандай мемлекет болатынымызды нақты айқындау. Бұл – стратегиялық басымдық. Оны қазірден бастап ұзақ мерзімді тұрғыдан ойластырып, жоспар жасау маңызды. Алайда жоспар құжат күйінде қалмауы керек. Ол мемлекеттік шешімдер қабылдаудың негізгі бағдарына айналуы қажет. Белгіленген мақсаттарға жету үшін сол бағытта жүйелі түрде әрекет етуіміз керек», – деді Нұркен Айтымбетов.

Сарапшы ендігі кезекте экономикалық тұрақтылық пен өндірісті дамыту мәселесіне тоқталды.

«Қазақстан шикізат өндіретін мемлекет ретінде танымал. Бірақ шикізат экспортына тәуелді болып қала бермеуіміз керек. Бұл тәуелділікті біртіндеп азайтып, өңдеу өнеркәсібін дамыту қажет. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына, көлік-логистика саласына және жоғары технологияларға басымдық берген жөн. Табиғи ресурстардың мол болуы – еліміздің маңызды артықшылығы. Дегенмен олардың болуы ұзақ мерзімді дамуға өздігінен кепілдік бермейді. Сондықтан жаңа өндірістер ашып, жұмыс орындарын көбейтуге және халықтың табысын арттыруға баса мән беру қажет», – дейді сарапшы.

Экономикалық өзгерістердің ауқымы әлеуметтік даму мен өңірлердің мүмкіндіктерін де қамтиды. Сарапшы бұл тұста жастардың білім алуына және кәсіби жолын өз өңірінде жалғастыруына қатысты мәселелерге тоқталды.

«Білім беру саласын дамыту, денсаулық сақтау сапасын арттыру және инфрақұрылымды жетілдіру қажет. Өңірлердің даму деңгейіндегі алшақтықты азайтуымыз керек. Әр өңірде жұмыс орындары ашылса, жастардың бәрі Алматы мен Астанаға ұмтылмай, өз өңірінде де қалуына жағдай жасалады. Бұл – ел дамуының негізгі шарттарының бірі. Жастарға сапалы білім беріп, кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік жасау қажет. Шыққан жері мен тұрғылықты мекеніне қарамастан, олардың жұмысқа орналасуына, білім алуына және жоғары білімге қол жеткізуіне тең мүмкіндік берілуі керек», – деп сөзін жалғады маман.

Нұркен Айтымбетов ел дамуының келесі маңызды өлшемі ретінде технологиялық өзгерістерге бейімделу мәселесін атады.

«Қазақстан заманауи технологиялық өзгерістерден, әсіресе жасанды интеллектінің дамуынан тыс қалмауы керек. Автоматтандыру мен цифрлық экономика еңбек нарығын, білім жүйесін және мемлекеттік басқаруды түбегейлі өзгертіп жатыр. Біз шетелдік технологияларды тұтынушы мемлекет болып қана қалмай, өз мамандарымызды даярлауымыз қажет. Орталықтандырылған технологияларды қолдап, оларды дамытуға жағдай жасау керек. Осы саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын өрістетуге мүмкіндік беріп, қажетті қаражат бөлу маңызды. Жаңа технологияларды дамытуға және өндіріске енгізуге қолдау көрсету қажет», – дейді ол.

Жаңа технологияларды енгізу мемлекеттік институттардың жұмыс тәсілін де қайта қарауды қажет етеді. Сарапшы цифрландырудың мәнін осы тұрғыдан түсіндіреді.

«Цифрландыру құжаттарды электронды форматқа көшірумен немесе жасанды интеллект енгізумен ғана шектелмеуі керек. Оның мақсаты – мемлекеттік басқару тәсілдерін жетілдіру, бюрократияны азайту, азаматтардың қызмет алуын жеңілдету, қызмет сапасы мен ашықтығын арттыру. Жасанды интеллектіні енгізбес бұрын мемлекеттік органдардың қызметіндегі тиімсіз функцияларды анықтау қажет. Әйтпесе, сол функцияларды цифрлық форматқа көшіргенмен, бюрократия жаңа форматта жалғаса береді», – дейді маман.

Мұндай жаңғыру мемлекеттік қызметтің нәтижесін бағалау тәртібіне де өзгеріс енгізуді талап етеді.

«Қызметшілердің жұмысын бағалағанда статистикаға, құжаттар мен есептердің санына ғана сүйенуге болмайды. 

Нақты нәтижеге де қарау керек: қабылданған шешімдердің сапасы қандай, олар орындалып жатыр ма, тиімді іске асырылып жатыр ма? Мемлекеттік аппараттың жалпы қызмет көрсеткіштерін де бағалауға мән беру қажет», – деді сарапшы.

Бұл үдерісте мемлекеттік аппараттың кәсіби әлеуеті айрықша рөл атқарады. Нұркен Айтымбетов цифрлық құралдарды меңгеру мен жаңа мамандарды тарту қажеттігін атап өтті.

«Кадрлардың кәсіби әлеуетін арттыру керек. Жасанды интеллект мамандардың орнын толықтай баса алмайды. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің цифрлық құралдарды дұрыс қолдануына және сол арқылы нақты нәтижеге қол жеткізуіне мән беру қажет. Ол үшін IT мамандарды даярлап, деректерді талдайтын сарапшыларды мемлекеттік қызметке тарту керек», – дейді ол.

Сарапшы реформалардың нәтижесін азаматтар мен бизнес күнделікті өмірде сезінуі керек деп есептейді.

«Реформаның нәтижесін қарапайым өлшемдермен бағалау керек. Азамат мемлекеттік қызмет алу үшін көп уақыт жұмсамауы тиіс. Бизнес бюрократиялық кедергілерге тап болмауы қажет. Мемлекеттік шешімдер сапалы әрі ашық болғаны абзал», – дейді ол.

Жолдауда көтерілген мәселелердің сыртқы саяси қырына тоқталған Н. Айтымбетов қазіргі геосаяси жағдай Қазақстаннан салмақты әрі дәйекті ұстаным талап ететінін айтты.

«Қазіргі халықаралық жағдай геосаяси тұрғыдан күрделі. Ірі державалар арасындағы бәсекелестік күшейіп, сауда шектеулері мен санкциялар енгізіліп жатыр, халықаралық ынтымақтастықтың шарттары өзгеруде. Мұндай жағдайда Қазақстан салмақты әрі дәйекті сыртқы саясат жүргізуі керек. Көпвекторлы саясат барлық мемлекетке бірдей ұнауға немесе олармен бірдей тату болуға ұмтылумен шектелмейді. Оның мәні – ұлттық мүддені сақтау. Қазақстан өзінің дербес ұстанымын айқындап, әртүрлі серіктеспен тиімді қарым-қатынас орнатуы керек. Бір ғана сыртқы күшке тәуелді болмай, тепе-теңдікті сақтаған жөн», – деген ойымен бөлісті Нұркен мырза.

Осы ұстанымның пәрмені Қазақстанның әртүрлі мемлекеттермен орнататын байланыстары арқылы көрінуі тиіс. Сарапшы серіктестіктің экономикалық мүмкіндіктеріне де назар аударды.

«Ірі державалар арасында тепе-теңдікті сақтау – Қазақстанның тарихынан келе жатқан сыртқы саясат ұстанымдарының бірі. Қытаймен, Ресеймен, Америка Құрама Штаттарымен, Еуропа мемлекеттерімен, Түркиямен, Таяу Шығыс елдерімен және басқа да серіктестермен ынтымақтастықты дамыту керек. Қазақстан өнімдерін өткізу үшін нарық іздеп, сырттан инвестиция мен заманауи технологиялар тарту қажет. Осындай экономикалық мүмкіндіктерді тереңінен пайдалану маңызды», – дейді сарапшы.

Қазақстанның географиялық жағдайы экономикалық байланыстар мен қауіпсіздік мәселелерін қатар қарастыруды қажет етеді. Н. Айтымбетов көлік және энергетика бағыттарын дамытуға мән берді.

«Қазақстан аумағының үлкендігі бір жағынан мүмкіндік берсе, екінші жағынан белгілі бір шектеулер туындатады. Мұхитқа шығатын жолымыз болмағандықтан, көрші мемлекеттер арқылы өтетін транзиттік байланыстарға тәуелді болмауымыз керек. Теміржол мен әуе бағыттарын, басқа да көлік дәліздерін және энергетикалық жүйені дамыту қажет. Сонымен бірге басқа мемлекеттермен дипломатиялық ынтымақтастықты күшейтіп, диалогты тереңдету керек. Экономикалық және өзге де мәселелерді шешуде тиімді көпвекторлы саясатты одан әрі дамытуға мән берген жөн», – деді ол.

Сұхбат соңында сарапшы сыртқы саясаттың нәтижесін бағалауда нақты экономикалық тиімділік пен елдің даму мүддесі басшылыққа алынуы қажет екенін түйіндеді.

«Көпвекторлы саясаттың тиімділігі кездесулермен, қол қоюлармен немесе олардың санымен ғана шектелмеуі керек. Ол нақты экономикалық нәтижелерге алып келуі тиіс. Қазақстан қазір жаңа даму кезеңіне қадам басып жатыр. Сондықтан ұзақ мерзімді сыртқы стратегиясын жасағанда жоғарыда айтылған мәселелер мен ұсыныстарды ескеру қажет. Халықтың әл-ауқатын арттырып, мемлекеттік басқару институттарын жетілдіруге бағытталған реформаларды табысты жалғастыру керек», – деп сөзін түйіндеді сарапшы.