Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен барып, Анкарада Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөз жүргізді. Екі елдің басшылары сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және стратегиялық серіктестікті дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Arasha.kz.
28 қазанда Анкараға барған Мемлекет басшысын Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған қарсы алды. Президент сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтіп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Бұдан кейін Қазақстан мен Түркия президенттері алдымен шағын, кейін ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия басшысына көрсеткен қонақжайлығы үшін алғыс айтып, оны және барша түрік халқын 29 қазанда атап өтілетін Республика күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастың тарихи тамыры терең екенін атап өтті.
"Қазақ-түрік ықпалдастығы тереңнен тамыр тартады. Тарихымыз – ортақ, тіліміз бен діліміз – бір, дәстүріміз – ұқсас. Екі елдің саяси ынтымақтастығы өзара сенімге және мызғымас достыққа негізделген", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан мен Түркия арасында шешімін таппаған түйткілді мәселе жоқ екенін айтып, екіжақты байланыстың жоғары деңгейін атап өтті. Оның сөзінше, Түркия Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің қатарына кіреді. Сонымен қатар түрік инвесторлары еліміздің экономикасына қомақты қаржы құйып отырған жетекші он инвестордың бірі саналады.
Қазір Қазақстанда бірқатар түрік компаниясы жұмыс істейді. Мемлекет басшысы олардың қызметіне қолайлы жағдай жасауға және жаңа инвестициялық бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
"Біз түрік бауырларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың кәсіп жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасауға тырысамыз", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл мамыр айында Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға жасаған сапарын да еске алды. Оның айтуынша, сол кездегі келіссөздер нәтижесінде сауда, инвестиция және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілген.
Атап айтқанда, екі ел арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы өткен.
Қазақстан Президенті қазіргі уақытта қазақ-түрік қарым-қатынасы мәңгілік достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті.