АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен желтоқсан айында өтетін G20 саммиті аясында кездесуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы америкалық көшбасшы Мемлекет басшысына Республика күніне орай жолдаған құттықтау жеделхатында жазған, деп хабарлайды Arasha.kz.
27 қазанда Ақорда АҚШ президентінің Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған құттықтау хатының толық мәтінін жариялады.
Дональд Трамп Қазақстанды Республика күнімен құттықтап, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің нығайып келе жатқанын атап өткен.
Оның айтуынша, кейінгі бір жыл ішінде Қазақстан мен АҚШ халықаралық қауіпсіздік, бейбітшілікті қамтамасыз ету және сауда-экономикалық ынтымақтастық бағыттарында бірқатар нәтижеге қол жеткізген.
«Кейінгі бір жыл ішінде серіктестігімізді тереңдете түскенімізге қуаныштымын. Бұл халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтан бастап екі елге де пайдалы маңызды коммерциялық келісімдерге дейін қамтыды», – деп жазды Дональд Трамп.
Америка президенті Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып АҚШ танығанын да еске салды.
Ол Вашингтонның Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын қолдау жөніндегі ұстанымы өзгермейтінін жеткізді.
Сонымен қатар Трамп еліміздің экономикалық дамуындағы америкалық компаниялардың үлесіне тоқталды. Оның пікірінше, екі мемлекет арасындағы экономикалық байланыстар алдағы уақытта да нығая түседі.
«Қазақстанның таңғаларлық экономикалық табыстарына америкалық компаниялар да зор үлес қосып келеді. Елдеріміз арасындағы берік достық ұзақ жылдарға жалғасатынына сенімдімін. Желтоқсан айында өтетін G20 саммиті аясындағы кездесуді асыға күтемін», – деп жазды АҚШ президенті.