Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

Жаңа Азаматтық кодексте адам құқықтары басты бағдар болуы тиіс – Снежанна Имашева

Жаңа Азаматтық кодексте адам құқықтары басты бағдар болуы тиіс – Снежанна Имашева
Gov.kz

Жаңа Азаматтық кодекс цифрлық экономиканың талаптарына жауап берумен қатар, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың сенімді тетігіне айналуы қажет. ҚР Құрылтайының депутаты, Қазақстан Республикасындағы отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген құқықтық жаңғыру мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелеріне қатысты осындай пікір білдірді.

Снежанна Имашева жаңа құжаттың мазмұнын айқындайтын негізгі өлшемдерге тоқталды.

«Менің ойымша, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеуде, ең алдымен, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, меншік құқығының кепілдіктерін нығайтуға және азаматтық айналымның тұрақтылығын қамтамасыз етуге басымдық берілуі тиіс», – деді Снежанна Имашева.

Алайда заңнаманы жаңарту бұрын қалыптасқан құқықтық тәжірибеден толық бас тартуды білдірмейді. Керісінше, жаңа құжатты әзірлеу кезінде азаматтық заңнаманың осы уақытқа дейінгі даму жолы мен сот тәжірибесі ескерілуі қажет.

«Қолданыстағы Кодекс азаматтық заңнаманың қалыптасуына және ауқымды сот практикасының жинақталуына негіз болды. Сондықтан жаңа Кодекс осы жетістіктерді сақтап, құқықтық сабақтастықты қамтамасыз етуі қажет», – деп атап өтті ол.

Сонымен бірге экономикалық қатынастардың цифрлық кеңістікке ауысуы заңнама алдына бұрын болмаған міндеттер қойып отыр. Осы орайда депутат жаңа Кодексте реттелуге тиіс төрт бағытты бөліп көрсетті.

«Цифрлық экономиканың дамуы электрондық мәмілелерге, цифрлық платформаларға, онлайн қаржылық қызметтерге, жасанды интеллект пен цифрлық активтерге қатысты жаңа құқықтық тетіктерді талап етеді. Осыған байланысты төрт мәселеге ерекше назар аудару керек», – деді Снежанна Имашева.

Оның пайымдауынша, цифрлық кеңістікте пайда болған жаңа нысандар меншік институтының мазмұнын кеңейтіп отыр. Демек, құқықтық қорғау тетіктері де дәстүрлі мүлікпен ғана шектелмеуі керек.

«Біріншіден, меншік құқығын, соның ішінде цифрлық ортадағы мүліктік құқықтарды қорғаудың нақты әрі тиімді кепілдіктерін белгілеу қажет», – деп мәлімдеді депутат.

Бұдан бөлек, жаңа экономикалық қатынастарда тараптардың мүмкіндігі әрдайым бірдей бола бермейді. Осыған байланысты заңнаманың қорғаушы қызметі азамат пен ірі қаржы немесе цифрлық ұйым арасындағы қатынастарда айрықша мәнге ие болады.

«Екіншіден, азаматтардың шарттық қатынастардағы құқықтарын күшейту маңызды. Банктермен, қаржы ұйымдарымен және цифрлық платформалармен қатынастарда азамат әлсіз тарап ретінде қорғалуға тиіс. Сонымен қатар шарт талаптарының әділ әрі түсінікті болуын қамтамасыз ету қажет», – деді Снежанна Имашева.

Жасанды интеллект пен автоматтандырылған жүйелерді кеңінен қолдану жауапкершіліктің кімге және қандай жағдайда жүктелетінін де нақтылауды талап етеді. Технологияның шешім қабылдау үдерісіне араласуы азаматтың залалды өтеу құқығын шектемеуі керек.

«Үшіншіден, жасанды интеллект пен автоматтандырылған жүйелер келтірген зиян үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті нақтылау қажет. Технология дамығанымен, бұзылған құқықты қалпына келтіру мүмкіндігі сақталуға тиіс», – деп түсіндірді ол.

Ал құқықтық норманың пәрмені, сайып келгенде, оның іс жүзінде қалай орындалатыны арқылы бағаланады. Осы тұрғыдан алғанда, азаматтың сотқа немесе уәкілетті органға жүгіну мүмкіндігінің болуы жеткіліксіз, қабылданған шешім оның бұзылған құқығын шын мәнінде қалпына келтіруі қажет.

«Төртіншіден, азаматтық құқықтарды қорғаудың тиімділігін арттыру керек. Құқық бұзылған жағдайда ол нақты қалпына келтіріліп, келтірілген зиян әділ өтелуге тиіс», – деп атап өтті Снежанна Имашева.

Осы төрт бағыттың барлығын бір арнаға тоғыстыратын қағида – технологиялық даму мен адам мүддесінің арасындағы теңгерім. Депутаттың пікірінше, жаңашылдыққа жол ашатын құқықтық орта азаматтар мен кәсіпкерлерге түсінікті болуы керек.

«Ең бастысы, жаңа Азаматтық кодекс технологиялар мен экономиканың дамуына жағдай жасай отырып, адамның құқықтары мен мүдделерін басты бағдар ретінде сақтауы қажет. Қолданыстағы заңнаманың тиімді нормаларын жоғалтпай, азаматтар мен кәсіпкерлер үшін тұрақты, түсінікті әрі болжамды құқықтық орта құруымыз керек», – деді ол.

Снежанна Имашева цифрландырудың күнделікті мемлекеттік қызмет пен азаматтарды қабылдау тәртібіне ықпалына да тоқталды. Оның тәжірибесінде электрондық жүйелер өтініш иесіне қойылатын рәсімдік талаптарды азайтып, азаматтың мәселесін бірден тіркеуге мүмкіндік берген.

«Қоғамдық қабылдауда қағазбастылықтан арылдық деп айтуға болады. Бұрын азамат келгенде, ұсынысын, сұрағын немесе өтінішін міндетті түрде қағазға жазып әкелуін сұрайтын едік. Қазіргі таңда ешқандай қағаз талап етпейміз. Азамат мәселесін ауызша айтады, ал қажетті мәліметтерді өзіміз электрондық жүйеге енгіземіз. Қазіргі қабылдауларда қағаз құжатқа деген қажеттілік жойылды», – деді депутат.

Қабылдаудың электрондық үлгісі азаматтың орналасқан жеріне байланысты шектеулерді де азайтқан. Соның нәтижесінде өтініштерді қарау бір ғана форматқа тәуелді болмай, адамның жағдайына қарай ұйымдастырылып отыр.

«Мәселен, менің қабылдауымда да түрлі цифрлық форматтар қолданылады. Азаматтарды қашықтан және онлайн қабылдаймыз. Алыс елді мекенде тұратын адамдар да байланыса алады. Ал жеке келген азаматтармен көзбе-көз кездесеміз. Сондықтан бұл бағытта айтарлықтай мәселе жоқ: ешкімнен қағаз талап етілмейді, қабылдау азаматқа қолайлы форматта жүргізіледі», – деп қорытындылады Снежанна Имашева.