Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Бангладеш президенті денсаулығына байланысты қызметінен кететінін мәлімдеді

Бангладеш президенті денсаулығына байланысты қызметінен кететінін мәлімдеді
Мұхаммед Шахабуддин. Фото: YASUYOSHI CHIBA/POOL/AFP via Getty Images

Бангладеш президенті Мұхаммед Шахабуддин отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын растады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекет басшысы бұл ақпаратты bdnews24.com басылымының тілшілеріне берген пікірінде мәлімдеген. Оның сөзінше, қызметінен кетуіне денсаулығындағы мәселелер себеп болған.

"Бұл туралы жұрттың бәрі біліп қойды. Оны менен қайта естудің қажеті қанша? Денсаулығым сыр берді, сондықтан шешім қабылданды", – деді Шахабуддин.

The Daily Star басылымы да президенттің бірнеше денсаулық мәселесіне тап болғанын жазды. Ақпаратқа сәйкес, президент әкімшілігінің өкілдері отставка туралы ресми хатты парламентке тапсыруға аттанған.

Бұған дейін елде Шахабуддиннің өкілеттік мерзімі аяқталмай тұрып қызметінен кетуі мүмкін екені жөнінде бірнеше күн бойы болжам тараған еді.

Бұл әңгімелер президенттің Бангладештің бұрынғы премьер-министрі Шейх Хасинамен телефон арқылы сөйлесуі ықтимал деген ақпараттан кейін күшейген. Басылым дереккөздерінің мәліметінше, әңгіме мамыр айында Шахабуддин Лондонда ем қабылдап жүрген кезде өтуі мүмкін. Алайда тараптар мұны ресми түрде растаған жоқ.

Шейх Хасина 2024 жылдың тамызында Бангладештегі жаппай наразылықтар мен билік ауысқаннан кейін елден кетіп, Үндістанға барған.

Мұхаммед Шахабуддин президент қызметіне 2023 жылдың сәуірінде кіріскен. Оның кандидатурасын сол кезеңде Шейх Хасина басқарған «Авами лиг» партиясы ұсынған. Сайлауда өзге кандидат болмаған.

Саясатқа келгенге дейін Шахабуддин судья қызметін атқарып, кейін Бангладештің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясының басшылық құрамында жұмыс істеген.