Марқұм Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай айыпталушы тараптан 10 миллиард теңге көлемінде өтемақы талап етуінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды Arasha.kz, Sn.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Сұлтан Серікбайдың айтуынша, мұндай көлемдегі өтемақы талап ету заң аясында қарастырылған. Жәбірленуші тарап өтемақы мөлшерін өзі белгілеуге құқылы болғанымен, соңғы шешімді сот қабылдайды.
Оның сөзінше, күдікті мұндай көлемдегі шығынды өтей алмаған жағдайда, бұл оның жазасын жеңілдетуіне немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуына кедергі келтіруі мүмкін.
«Біріншіден, бұл - заңды тәсіл. Мұндай орасан соманы төлей алмаған қылмыскер жазасын жеңілдете алмайды және шартты түрде бостандыққа шыға алмайды. Бұл қарыз оған өмір бойы жүктеледі. Екіншіден, жәбірленуші тарап ретінде кез келген соманы сұрауға құқымыз бар, ал түпкілікті соманы сот шешеді. Біз өз тарапымыздан осы шешімді толық әрі дұрыс деп шештік», - деді Сұлтан Серікбай.
Айта кетейік, өтемақының нақты мөлшері мен оны өндіріп алу мәселесіне қатысты түпкілікті шешімді сот шығарады.