Орал маңында болған ауыр жол апатынан 47 жастағы Роман Бондарь көз жұмды. Марқұм былтыр жұбайынан айырылғаннан кейін төрт қызын жалғыз өзі тәрбиелеп келген, деп хабарлайды "Мой город".
Қайғылы оқиға 27 шілдеде Деркөл кенті маңындағы айналма жолда болған. Апатқа үш көлік қатысқан.
Полицияның алдын ала мәліметінше, Lada Granta жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Volkswagen Golf көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Артынша сол бағытта келе жатқан Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусы Volkswagen-нің артқы бөлігіне соғылған.
Volkswagen жүргізушісі Роман Бондарь алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты.
Төрт бала ата-анасыз қалды
Марқұмның жұбайы Ольга 2025 жылдың қарашасында қайтыс болған. Содан бері Роман төрт қызын жалғыз өзі бағып келген. Отбасының кенже қызы небәрі тоғыз жаста.
Жақындарының айтуынша, Роман балаларын асырау үшін бірнеше жерде жұмыс істеген.
Туысы Светлана Витенбектің сөзінше, апат болған күні Роман Деркөлден қалаға қарай келе жатқан. Ол түскі үзілісте үйіне соғып, кейін жұмысқа қайта бара жатқан.
«Ол басынан қатты жарақат алып, кеудесімен рульге соғылған. Қауіпсіздік жастығы ашылғанымен, оны аман алып қала алмады. Енді төрт бала жетім қалды», – деді туысы.
Үлкен қызы сіңлілерін қамқорлығына алмақ
Отбасының 22 жастағы үлкен қызы Злата үш сіңлісін өз қамқорлығына алу үшін құжат жинауды бастаған.
Туыстарының айтуынша, тоғыз жастағы кенже қызға әкесінің қаза болғаны әзірге айтылмаған.
Марқұмның жақындары жол апатына себепкер болды деген жүргізушінің мас күйде болғанын алға тартты. Ал сараптама Роман Бондардың алкоголь қолданбағанын көрсеткен.
Күдікті жүргізуші қамауға алынды
Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті жол апатына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Lada Granta жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін сараптамалар жүргізіліп жатыр.
Роман Бондарь 30 шілдеде жерленді.