Жамбыл облысының Байзақ аудандық сотында 37 жыл бұрын анасынан айырылған әйелдің асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алу мәселесі қаралды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сот мәліметінше, талап қоюшының анасы 1989 жылы қайтыс болған. Әйел бала кезінен екінші топтағы мүгедектігі бар және еңбек етуге жарамсыз болғандықтан, анасы қайтыс болғанға дейін оның асырауында болған.
Кейін ол тиісті департаментке асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындау туралы өтініш берген. Алайда өтініші қанағаттандырылмаған.
Бұл шешіммен келіспеген әйел сотқа жүгінді.
Істі қарау барысында сот тараптарды татуластыру рәсіміне шақырған. Нәтижесінде тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу жөнінде келісімге келген.
"Тараптардың келісімге келуіне байланысты талап қоюшы талаптардан бас тартты, ал сот медиация шарттарын бекітіп, әкімшілік талап қою арызды қайтарды. Сонымен қатар талап қоюшыға мемлекеттік баж қайтарылды", – делінген сот хабарламасында.
Осылайша, тараптар арасындағы дау сотқа дейінгі татуласу тәртібімен шешіліп, әйелге асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындау мәселесі реттелді.
Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.