VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы көкпардан кейін әлеуметтік желіде қызу талқы басталды. Оған жарыс барысында аттың аузы жарақаттанғаны көрінетін бейнежазба себеп болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Кадрларға алаңдаған желі қолданушылары көкпар өткізуге шектеу қоюды және жануарға жарақат келтірген шабандозға қатысты шара қолдануды сұраған. Кейбір азаматтар бұл мәселе бойынша Туризм және спорт министрлігіне «E-Өтініш» арқылы шағым түсіргенін жазды.
Қазақстанда ұлттық спорт түрлерінде жануарларды пайдалануға рұқсат берілген. Алайда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңда жануарларға қатыгездік көрсетуге, соның ішінде олардың жарақат алуына немесе денсаулығына зиян келтіруі мүмкін қасақана әрекеттерге жол берілмейтіні көрсетілген.