Жыл сайынғы Президент Жолдауы қоғам үшін маңызды саяси оқиғалардың бірі саналады. Өйткені онда мемлекеттің алдағы кезеңдегі стратегиялық бағыттары белгіленіп, ел дамуына қатысты негізгі міндеттер айтылады. Саясаттанушы Әлібек Молданиязовтың пікірінше, халық Жолдаудан ауқымды саяси бастамалармен қатар, күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты шешімдерді күтеді.
«Бірінші кезекте халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін мәселелер бар. Соның бірі – түрлі коммуналдық қызметтердің негізсіз қымбаттауы. Азаматтар мұндай баға өсімінің алдын алу үшін Мемлекет басшысы мен Үкімет қандай саясат жүргізетінін білгісі келеді. Сондықтан Жолдауда халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты шаралар айтылғаны маңызды», – дейді саясаттанушы.
Сарапшы халықты алаңдататын келесі маңызды мәселе ретінде жұмыспен қамту саласын атады. Қазіргі уақытта Қазақстанда ішкі көші-қон үдерісі күшейіп, азаматтардың бір қаладан екінші қалаға қоныс аударуы жиілеген. Жаңа ортаға көшкен адамдар үшін тұрақты жұмыс табу және баспанамен қамтамасыз етілу мәселесі ерекше маңызға ие.
«Қазір Қазақстанның ішінде ғана емес, жалпы әлем бойынша түрлі көші-қон үдерістері жүріп жатыр. Елімізде де бір қаладан екінші қалаға қоныс аударатын азаматтар көп. Сондықтан олардың барған жерінде жұмысқа орналасуы мен тұрғын үймен қамтамасыз етілуі өте өзекті. Халық жаңа жұмыс орындарының ашылуын және жұмыспен қамтуға бағытталған тиімді шараларды күтеді», – деді Әлібек Молданиязов.
Оның айтуынша, әр Жолдауда мемлекеттің ірі стратегиялық бағыттары мен институционалдық реформалар жарияланады. Кейінгі жылдары елдің саяси жүйесінде бірқатар өзгеріс болды. Ұлттық құрылтай құрылып, Вице-президент институты пайда болды. Алайда халықты саяси реформалардың мазмұнымен қатар, олардың күнделікті өмірге тигізетін нақты әсері де қызықтырады.
«Әрбір Жолдауда мемлекеттің үлкен стратегиялық бағыттары айтылады. Мысалы, институционалдық өзгерістер жүзеге асырылып, Ұлттық құрылтай құрылды, Вице-президент институты пайда болды. Бірақ осындай ауқымды бастамалармен қатар, халықтың тұрмысына тікелей әсер ететін мәселелер де назардан тыс қалмауы керек. Азаматтар осы өзгерістердің өз өміріне қандай пайда әкелетінін көргісі келеді», – деп атап өтті сарапшы.
Саясаттанушының пікірінше, тұрғын үй, инфрақұрылым және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері қоғам үшін әлі де өзекті. Азаматтар қазіргі талаптарға сай тұрғын үй бағдарламаларын, жеңілдетілген несие тетіктерін және бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың қолжетімді болғанын қалайды.
«Халық инфрақұрылымды дамытуға, тұрғын үй бағдарламаларын іске асыруға және қазіргі заманға сай жеңілдетілген кредиттер беруге қатысты шешімдерді күтеді. Сонымен қатар бизнеске арналған жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдау шаралары да маңызды. Мұның барлығы азаматтардың тұрмыстық жағдайына және табыс табу мүмкіндігіне тікелей ықпал етеді», – дейді ол.
Білім беру мен денсаулық сақтау салалары да халықтың барлық әлеуметтік тобына қатысты. Бұл бағыттардағы кез келген өзгеріс азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан қоғам аталған салаларды жетілдіруге бағытталған жалпы уәделерді ғана емес, іске асырылатын нақты бастамаларды білгісі келеді.
«Білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы өзгерістерді халық ерекше күтеді. Себебі бұл мәселелер қоғамдағы барлық әлеуметтік топқа тікелей әсер етеді. Білімнің сапасы, медициналық қызметтің қолжетімділігі және тұрғын үй құрылысы азаматтардың күнделікті өмірімен байланысты. Сондықтан осы салаларда қандай нақты өзгерістер жасалатыны айтылуы керек», – деді Әлібек Молданиязов.
Сарапшы елде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың құндылықтық негізіне де назар аударды. Мемлекет басшысы бұған дейін «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» ұғымдарын қоғам дамуының маңызды бағдарлары ретінде атаған еді. Ендігі мәселе – осы құндылықтарды нақты шешімдер арқылы орнықтыру.
«Мемлекет басшысы әділеттілікті орнату, “Әділетті Қазақстан” құру және “Адал азамат” құндылығын қалыптастыру туралы айтты. Халық осы құндылықтарды жалғастыру үшін қандай нақты қадамдар жасалатынын күтеді деп ойлаймын. “Жаңа Қазақстан” ұғымы айтылғаннан кейін мемлекеттік институттарға деген сенімді қалай арттырамыз деген сұрақ пайда болды. Сондықтан жарияланған бастамалардың нәтижесі қоғамға түсінікті болуы керек», – деді саясаттанушы.
Әлібек Молданиязов жаңа саяси институттардың құрылуы реформалардың аяқталғанын білдірмейтінін айтады. Енді олардың нақты қызметі, заң шығару үдерісіне ықпалы және азаматтардың өмірін жақсартуға қосатын үлесі маңызды. Қоғам жаңа құрылымдардың бұрынғы жұмыс тәсілін қайталамай, шынайы өзгерістерге бастау болғанын күтеді.
«Вице-президент институты пайда болды, Ұлттық құрылтай құрылып, өз жұмысын жүргізіп жатыр. Бірақ олардың құрамында бұрыннан қоғамдық және мемлекеттік жұмыстарға араласып жүрген адамдар да көп. Енді олар қандай өзгеріс жасайды, қандай заңдарға өзгеріс енгізеді деген мәселе туындайды. Халық осы институттардың қызметінен нақты нәтиже күтеді», – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, қабылданатын заңдар мен мемлекеттік бағдарламалардың негізгі мақсаты халықтың жағдайын жақсарту болуы қажет. Бұл ретте жастарды қолдау, оқуын аяқтаған мамандарды еңбек нарығына бейімдеу және тұрақты жұмыс орындарын ашу мәселелері алдыңғы қатарға шығады. Аталған проблемалар жыл сайын көтерілгенімен, әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
«Халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған заңдар қажет. Оның ішінде мемлекеттік қолдау шаралары, жаңа жұмыс орындарын ашу, жастарды қолдау және жас мамандарды жұмысқа орналастыру мәселелері бар. Бұл мәселелер жыл сайын өзекті болып қала береді. Сондықтан қоғам үлкен өзгерістердің нақты нәтижесі қандай болады және сол нәтижеге жеткізетін шағын қадамдар қалай жүзеге асырылады деген сұраққа жауап күтеді», – деді Әлібек Молданиязов.
Саясаттанушы реформалардың нәтижелілігі азаматтардың мемлекетке деген сенімімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Қоғам өкілдері мемлекеттік органдарға түрлі шағым, өтініш және ұсыныс жолдайды. Алайда сенімнің қалыптасуы сол өтініштердің қабылдануына ғана емес, олардың қалай қаралып, қаншалықты орындалатынына байланысты.
«Азаматтар түрлі шағымдарымен, өтініштерімен және ұсыныстарымен мемлекетке жүгінеді. Олар мемлекеттік органдарға, Президент Әкімшілігіне немесе Ұлттық құрылтай құрамындағы адамдарға өз ұсыныстарын жеткізеді. Бірақ сол ұсыныстардың қалай орындалатыны өте маңызды. Мемлекетке деген сенім нақты істер арқылы қалыптасады. Сондықтан халық өтініштер мен ұсыныстарды қараудың және орындаудың қандай механизмі болатынын күтеді», – дейді ол.
Әлібек Молданиязов халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін тағы бір мәселе ретінде көлік инфрақұрылымын атады. Қазір өңірлер арасындағы қозғалыс бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жиілеген. Азаматтар жұмыс, сауда-саттық және туыстық байланыстарға байланысты бір қаладан екінші қалаға тұрақты қатынайды.
«Қазіргі уақытта адамдардың қалалар арасындағы байланысы бұрынғыдан да тығыз. Бірі жұмысқа байланысты, енді бірі сауда жасау немесе туыстарына бару үшін басқа қалаға сапар шегеді. Алайда әуе және теміржол қатынасында түрлі қиындықтар кездеседі. Билет тапшылығы мен басқа да келеңсіз жағдайлар бар. Автомобиль жолдарының сапасына қатысты да сын көп айтылады», – деді саясаттанушы.
Осыған байланысты қоғам көлік және жол инфрақұрылымын дамытуға арналған ұзақ мерзімді жоспарларды білгісі келеді. Жаңа автомобиль жолдарын салу, теміржол бағыттарын ашу және өңірлер арасындағы қатынасты жақсарту халықтың күнделікті қозғалысын жеңілдетіп, экономикалық белсенділікке де ықпал етеді.
«Халық осы салалардағы ұзақ мерзімді басымдықтардың қандай екенін білгісі келеді. Алдағы уақытта жол құрылысы бойынша жаңа жобалар жүзеге асырыла ма, жаңа теміржол қатынастары ашыла ма немесе жаңа тас жолдар салына ма деген сұрақтар бар. Менің ойымша, қоғам Жолдаудан осындай нақты әрі күнделікті өміріне тікелей әсер ететін өзгерістерді күтеді», – деп қорытындылады Әлібек Молданиязов.